Негізгі Жаңалықтар Қорғанды қазғандар анықталады

Қорғанды қазғандар анықталады

Зайсан ауданындағы «Шағаноба» археологиялық кешеніне қатысты жағдай облыс әкімдігінің бақылауында. Әлеуметтік желілерде қорғандарға зақым келтірілгені туралы ақпарат тарағаннан кейін, оқиға орнына полиция қызметкерлері мен сала мамандары барып, тексеру жүргізді. Жер қазу іздері тіркеліп, тиісті материалдар құқықтық баға беру үшін құзырлы органдарға жолданды. Ал қорғандардың қазіргі жағдайына толық баға беру жұмыстары көктемде жалғасады

Соңғы бірінеше тәулікте Зайсан ауданындағы «Шағаноба» археологиялық кешеніндегі қорғандарына зақым келтірді деген ақпарат әлеуметтік желілерде таралды. Осы мәселені нақты анықтау үшін қарашаның 13 күні полиция қызметкерлері сол «Шағаноба» аумағына барды. Кешен аумағында қазылған шұңқырларды «SRS» ЖШС-не тиесілі техниканың көмегімен көму жұмыстары жүргізілгені анықталды.Осыдан соң оқиға орнында болған азаматтардың жеке басы анықталып, материалдар полицияда тіркелді. Сол күні тарихи-мәдени мұраны қорғау мамандары, археолог, әкімдік және полиция өкілдері аумақты тексерді. Жер қазу іздері фотоға және бейнеге түсіріліп, тиісті акт жасалды. Аталған мәселе құзырлы органдардың жіті қадағалауында. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қымбат Мұхамадиева, ШҚО әкімі баспасөз қызметінің маманы:

Шығыс Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын сақтау – облыс әкімдігінің берік ұстанымы. Шағаноба археологиялық кешеніне қатысты жағдай бойынша аумаққа тексеру жүргізіліп, жер қазу жұмыстарының іздері тіркелді. Қатысы бар адамдар анықталып, тиісті материалдар құқықтық баға беру үшін құзырлы органға жолданды. Қар жамылғысына байланысты қорғандардың қазіргі жағдайы мен келтірілген ықтимал залалды түпкілікті бағалау әзірге өте қиын. Дегенмен көктемде мамандар қосымша тексеру жүргізеді. Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, заңға сай жауапқа тартылады. Өйткені Шағаноба, Берел, Елеке сазы және Ақбауыр сияқты тарихи ескерткіштер өлкенің баға жетпес мұрасы. Олардың сақталуы басты назарда. Қазір ескерткіштердің сақталуына бақылау күшейтілді. Алдағы уақытта Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі осы жерде ашық аспан астындағы заманауи музей кешенін құру мүмкіндігін қарастыруда. Бастама келісу сатысында.
 


Бөлісу