Жергілікті өнімге сұраныс жоғары
Облыс орталығында Шемонаиха ауданының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сауда сөрелерінде ауданның шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлері өндірген ауыл шаруашылығы өнімдері халық назарына ұсынылды. Тұрғындарға ет және сүт өнімдері, нан, бал және өзге де азық-түлік түрлері нарықтағыдан қолжетімді бағамен сатылды. Аталған жәрмеңке отандық өнім өндірушілерді қолдау мақсатындағы «Дала дәмі» бастамасы аясында өтті.
Таңмен таласа облыс тұрғындары дәстүрлі жәрмеңкеге асықты. Бұл жолы сауда-саттық Шемонаиха ауданының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі аясында ұйымдастырылды. Шара жергілікті өнім өндірушілерді қолдап, ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпін беруді көздейді.
Данияр Жүнісов, Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары:
Шемонаиха ауданы «Туған жер алтын бесігім» аясында үлкен жәрмеңке ұйымдастырып отыр. Бұл жәрмеңкеде біздің ауыл шаруашылық өнімдері, сүт өнімдері жәрмеңкесі өтіп жатыр. Жалпы 4 тоннадан астам өнім әкелінді.
Жәрмеңкеде нан өнімдерінің де сан түрі ұсынылды. Сөрелерге жаңа піскен нан, тәтті тоқаштар мен өзге де ұннан жасалған өнімдер қойылды.
Галина Хозяева, кәсіпкер:
Біз Шемонаиха ауданының наубайхана өнімдерін ұсынамыз. Нан-тоқаш және кондитерлік өнімдердің түрі өте көп. Барлығын түнімен дайындап, тұтынушыларға жаңа піскен өнімдер алып келдік. Әркімнің талғамына сай диеталық, үй жағдайында дайындалған дәмді өнімдеріміз бар. Жәрмеңкеге үнемі қатысамыз. Қаланың тұрғындары біздің өнімдерді жақсы таниды, тұрақты тұтынушыларымыз да бар. Жәрмеңке жақсы ұйымдастырылған, алдағы уақытта да қатысуға дайынбыз.
Қала тұрғындары жәрмеңкеде қажетті азық-түліктің қолжетімді бағамен сатылып жатқанына дән риза. Мұнда күнделікті тұтынатын тауарлардың түрі мол. Сатып алушылар бағаның тиімділігімен қатар, ұсынылған өнімдердің сапасына да көңілдері толатынын айтады.
Ғалия Бейсембаева, қала тұрғыны:
Әр апта сайын келе алмаймын, айына бір келіп тұрамын. Жақсы, бағалары өте тиімді, ұнайды. Ауылдың дәмін татамыз. Құрт-майын сағынып келеміз, аламыз. Ет алуға келдік. Ет жегенді жақсы көреміз, қазақтар етсіз болмайдығой. Бағалары өте тиімді. 3500-3600 теңгеден. Жақсы, өзіміз осынан келіп аламыз. Соғым аламыз. Жақсы, ұнайды.
Мұндай жәрмеңкелер жергілікті өндірушілерді қолдап, тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, шара аясында мәдени бағдарлама да ұсынылды. Шемонаиха ауданының өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Кәусар Идаятқызы