«Қыс-2026» оқу-жаттығулары өтті
Аймақта «Қыс-2026» командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтті. Іс-шара барысында қыс мезгілінде болуы мүмкін төтенше жағдайлардың салдарын жою, адамдарды құтқару және жол қозғалысын қалпына келтіру бойынша қызметтердің дайындығы тексерілді.
Оқу-жаттығу «Өскемен – Тарғын – Самар» автожолының 98-шақырымында өтті. Сценарий бойынша қалың қар мен қатты желдің салдарынан қар көшкіні жүрген. Қар үйінділері көлік қозғалысын тоқтатып, кептеліс тудырған. Оқиға орнына дер кезінде облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағының қызметкерлері жетті.
Фархат Әміре, ШҚО ТЖД бастығының бірінші орынбасары:
Облыста 128 бірлік арнайы техника бар. Олардың қатарында жолсыз жерлерде жүруге арналған «ШЕРП», «ТРЭКОЛ» сияқты жоғары өтімді көліктерді айтуға болады. Зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшін Ұлан ауданының Привольное ауылында Апаттар медицинасы орталығының медициналық-құтқару пункті жұмыс істейді. Сонымен қатар, облыс аумағында жеті трассалық медициналық пункт бар. Төтенше жағдай кезінде зардап шеккен тұрғындарды қабылдау үшін 220 уақытша орналастыру пункті қарастырылған.
Құтқарушылардың мәліметінше, өткен қысқы маусымда қар құрсауында қалған 48 адам құтқарылып, 15 техника эвакуацияланған. Сонымен қатар, қар көшкінінің алдын алу мақсатында 64 профилактикалық жұмыстар жүргізілген. Оқу-жаттығу барысында кинологиялық топтар қар астында қалған автокөлікті анықтады. Құтқарушылар зардап шеккендерді қар үйіндісінен шығарып, апаттық медицина орталығының мамандары алғашқы медициналық көмек көрсетті. Кейін олар облыстық ауруханаға тасымалданды. Балалар мен басқа жолаушылар арнайы техникамен қауіпсіз жерге эвакуацияланып, жақын маңдағы уақытша орналастыру пунктіне жеткізілді. Жолды қардан тазарту жұмыстарына автогрейдер, шнекоротор мен техникалар жұмылдырылды.
Владимир Субботин, ШҚО ТЖД жедел-құтқару жасағы бөлімшесінің басшысы:
Қар құрсауында қалған адамдарды құтқару үшін жоғары өтімді арнайы техниканы пайдаланамыз. Бұл көліктер адамдарды қауіпсіз жерге жеткізуге мүмкіндік береді. Техникамен бір мезетте он адамға дейін эвакуациялай аламыз. Облыс тұрғындары мен өңір қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, боран мен қарлы бұрқасын кезінде жолға шықпауға шақырамыз. Төтенше жағдай туындаса, 112 нөміріне хабарласыңыздар.
Төтенше жағдай кезінде жедел көмек көрсету үшін өңірде арнайы техника мен медициналық қолдау жүйесі қарастырылған. «Қыс-2026» командалық-штабтық оқу-жаттығулары мамандардың төтенше жағдайларға дайындығын тексеруге мүмкіндік берді.
Фатима Тілейханқызы