Негізгі Жаңалықтар Әйелдерге арналған жаңа мүмкіндіктер

Әйелдерге арналған жаңа мүмкіндіктер

Облыс орталығында «Жаңа экономикалық мүмкіндіктер: әйелдер, кәсіпкерлік, технологиялар» атты республикалық семинарға қатысушылар ашық есік күні аясында өңірдегі әйелдер басқаратын кәсіпорындардың жұмысымен танысты.Іс-шараны Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен облыс әкімдігі ұйымдастырды. Мемлекет басшысының Жолдауында шағын және орта бизнесті қолдау мәселесіне басымдық беріліп, микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий енгізу ұсынылғаны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, семинардың маңызы ерекше.

Семинарға Ұлттық комиссия мүшелері, Құрылтай депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сарапшылар қауымдастығының мүшелері және өзге өңірлерден келген делегаттар қатысты. Бағдарлама аясында қатысушылар кәсіпкер әйелдер басшылық етіп отырған мекемелерді аралап, олардың жұмыс тәжірибесімен, жетістіктерімен танысты.

Марал Бәкетаева, «Happу Clinic» медицина орталығының басқарушы директоры:  

Облыстық шара аясында қонақтарға біздің Happy Clinic, Happy Life және Monblan клиникалары бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Біздің бизнестің негізін қалаушы әрі жетекшісі – Жигитаева Әлия Сайлауханқызы. Ол өз кәсібін 2012 жылы бастаған. Бүгінде үш ірі филиалымыз табысты жұмыс істеп, қарқынды дамып келеді. Жыл сайын жаңа технологияларды енгізіп, қызмет аясын кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашып, қызметкерлер санын арттырып келеміз. Бүгінгі кездесуде Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қонақтарға өңіріміздегі клиникаларда қолданылатын заманауи технологиялар мен жаңашылдықтарды таныстырылды.

Медициналық орталық заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Дәрігерлердің білімін жетілдіруге, диагностика мен емдеудің тың әдістерін енгізуге, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді.

Олеся Криницкая, «Happy Clinic» медицина орталығының бас дәрігері: 

Біздің дәрігерлер заманауи медициналық хаттамаларға сәйкес жұмыс істейді. Сонымен қатар жыл сайын біліктілігін арттыру курстарынан өтіп, білімдерін жетілдіріп отырады. Бұл бағытқа ерекше мән беріледі. Өйткені пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықаралық стандарттарға сай медициналық көмек көрсету – басты басымдықтарымыздың бірі. Ең бастысы, әрбір пациент сапалы ем алып, оның нәтижесіне көңілі толуы біз үшін маңызды.

Ашық есік күні аясында делегаттар Лу Бань шеберханасы мен Шығыс Қазақстан облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығына да барды. Заманауи технологияларды қолдану мүмкіндіктерімен танысты. Мұндай кездесулер кәсіпорындардың табысты даму тәжірибесін көпшілікке таныстыруға, өзара тәжірибе алмасуға және алдағы ынтымақтастықтың негізгі басымдықтарын талқылауға мүмкіндік береді. 


Руслан Абугалиев



Бөлісу