Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға жаңа мүмкіндіктер
Өскеменде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, кәсіби біліктілікті арттыру және бизнеске заманауи технологияларды енгізу мәселелері талқыланды. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Жаңа мүмкіндіктер экономикасы: әйелдер, кәсіпкерлік және технологиялар» атты республикалық семинар өтті. Оған мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастықтың, қоғамдық ұйымдардың және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Семинардың мақсаты – цифрлық трансформация жағдайында әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту және кәсіпкерлік бастамаларын қолдау. Қатысушылар бизнесті қаржыландыруға қол жеткізу, жаңа нарыққа шығу, цифрлық құралдарды пайдалану және кәсіби дағдыларды жетілдіру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, жиында жасанды интеллектіні қолдану, цифрлық ортада жұмыс істеу және еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықтарды меңгеру тақырыптарына басымдық берілді.
Гүлжан Жарасова, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры:
Біз кәсіпкер әйелдерге арналған жасанды интеллект шешімдерін ұсынамыз. Мұнда қосымша білім алуға және еңбек нарығында сұранысқа ие бағыттар бойынша қайта даярлауға баса назар аударылады. Жасанды интеллект дәуірінде цифрлық орта ғана емес, технология мен өндірістік үдерістер де өзгеріп жатыр. Сондықтан заман талабына сай болып, жаңа құзыреттерді меңгеру өте маңызды.
Семинар барысында қатысушылар кәсіпкерлікті дамытудағы өзекті мәселелерді ортаға салып, тәжірибе алмасты. Бұдан бөлек, бизнесті жетілдіруге мүмкіндік беретін заманауи құралдармен танысты. Жиын кәсіпкер әйелдердің кәсіби әлеуетін арттыруға, жаңа идеяларды жүзеге асыруға және іскерлік байланыстарды нығайтуға бағытталды.
Альмира Жұмабаева, Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары:
Шығыс Қазақстан облысы белсенді әйелдердің басын қосатын орталыққа айналды. Жиынға 150-ден астам адам жиналды. Мұнда еңбек қатынастарымен қатар, бизнесте технологияларды қолдану және жеке кәсіпті дамытуға қажетті басқа да маңызды мәселелер талқылануда.
Семинардың тағы бір маңызды бағыты – цифрлық қауіпсіздік. Қатысушылар интернет-алаяқтықтың жаңа тәсілдері, фишингтік сілтемелер және жасанды интеллектіні теріс пайдаланудан туындайтын қауіптер туралы ақпарат алды. Мамандар жеке деректерді қорғау, күмәнді хабарламаларды ажырату және интернеттегі қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде түсіндірді.
Азиза Шужеева, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі:
Ата-аналар чатына «Күмәнді сілтемелерді таратпаңыздар» деп жазамын. Мысалы, «Балам би байқауына қатысып жатыр, оған дауыс беріңіздер» деген хабарламалар келуі мүмкін. Адамдар мұндай сілтемелердің кей жағдайда фишингтік сайттарға апаруы ықтимал екенін білуі керек. Олар жеке деректерді жинау және аккаунттарды бұзу мақсатында жасалады. Сондықтан мұндай күмәнді сауалнамаларға қатыспау қажет.
Мамандардың пікірінше, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту үшін қаржылай қолдаумен қатар, білім мен кәсіби дағдыларды үнемі жетілдіріп отыру қажет. Әсіресе цифрлық сауаттылықты арттырып, заманауи технологияларды тиімді пайдалану маңызды. Мұндай семинарлар тәжірибе алмасуға және іскерлік бастамаларды нақты жобаларға айналдыруға жол ашады.
Фатима Тілейханқызы