Кибералаяқтыққа қарсы күрес
Интернет-алаяқтық Шығыс Қазақстандағы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Жыл басынан бері өңірде мұндай 900-ден астам қылмыс тіркеліп, тұрғындарға келген шығын 2,5 миллиард теңгеден асты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсеитов мәлімдеді. Кездесуде киберқылмыстың негізгі түрлері, дропперлік және алаяқтықтың алдын алу шаралары сөз болды.
Алаяқтардан зардап шеккендердің 32,5 пайызы – жалдамалы қызметкерлер, 25 пайызы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, 19 пайызы – зейнеткерлер. Полицияны алаңдататын тағы бір мәселе – дропперлік. Жыл басынан бері банк карталары мен шоттарын заңсыз ақша айналымына берген 24 адам жауапқа тартылған. Олардың есепшоттары арқылы 13 миллион теңгеден астам қаражат өткен.
Болат Нұрсеитов, ШҚО ПД бастығының бірінші орынбасары:
Алаяқтардың құрбаны тек қарт адамдар ғана емес, әртүрлі жастағы және әлеуметтік топтағы азаматтар да болып отыр. Алдаудың кең таралған түрлеріне телефон арқылы жасалатын алаяқтық, жалған инвестициялық жобалар, фишингтік сілтемелер және интернет-дүкендер арқылы алдау жатады. Әсіресе, тұрғындарды дропперлікке тарту фактілері алаңдатады. Яғни азаматтар өздерінің банк карталары мен есепшоттарын ұрланған ақшаны аудару үшін пайдалануға береді. Жақында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне осы әрекет үшін жауапкершілік қарастыратын арнайы бап енгізілді. Оған сәйкес, кінәлі тұлғалар жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Telegram арқылы жасалған 300-ге жуық қылмыс тіркелген. Қазақстан мен Украина полициясының бірлескен операциясы нәтижесінде алаяқтық колл-орталықтардың ұйымдастырушылары ұсталды. Олардың әрекетінен зардап шеккен алты адам ШҚО-да анықталған. Қазір тергеу жалғасып жатыр.
Нұрай Арыстанбек, ШҚО ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:
Сонымен қатар ҚР ІІМ Украина мемлекетінің ішкі істер министрлігімен бірлесіп үлкен жедел профилактикалық шараны атқарды. Осы шара барысында колл центрларды ұйымдастыратын адамдар анықталды. Колл центрларды ұйымдастырып, адамдарды алданған біздің облыс аумағымыздың 6 тұрғыны анықталды. Қазіргі таңда бұл қылмыстық істер бойынша негізгі тергеп тексеру жұмысары жүргізілуде.
Өңірде кибералаяқтықтың алдын алу жұмыстары да күшейтілген. Жедел іс-шаралар нәтижесінде 86 қылмыс ашылып, жәбірленушілерге 36 миллион теңге қайтарылған. Ал Ұлттық антифрод-орталықтың көмегімен 120 миллион теңгеден астам қаражаттың ұрлануына жол берілмеген. Полиция тұрғындарға SMS-кодтар мен құпиясөздерді бөгде адамдарға бермеуді, күмәнді қоңырауларға сенбеуді ескертеді.
Бекарыс Әмірбек