Негізгі Жаңалықтар Бұқтырма су электр станциясын жаңғырту жалғасуда

Бұқтырма су электр станциясын жаңғырту жалғасуда

Өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыруда Бұқтырма су электр станциясының маңызы ерекше. Бүгінде мұнда өндірістік жабдықтарды жаңарту және станцияның қуатын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысу үшін ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев пен облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов арнайы барып қайтты.

Бұқтырма су электр станциясы 1960 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Бүгінде мұнда жалпы қуаты 675 мегаватт болатын тоғыз гидроагрегат электр энергиясын өндіреді. Былтыр станцияда 3 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы өндірілген. Бұл жоспарланған межеден 30 пайызға артық. Өндіріс тиімділігі мен жабдықтардың сенімділігін арттыру мақсатында «Қазцинк» компаниясы 21 миллиард 400 миллион теңге инвестиция құйған. Қаражат негізгі жабдықтарды жаңартуға бағытталды. Атап айтқанда, гидроагрегаттардың жұмыс дөңгелектері мен күштік трансформаторлар ауыстырылып, жаңа тарату құрылғысы іске қосылды. Нәтижесінде Бұқтырма су электр станциясының белгіленген қуаты 45 мегаваттқа артты.

Сергей Коблов, «Казцинк» ЖШС Бұқтырма гидроэнергетикалық кешенінің директоры:

Алдағы уақытта жабдықтарды қайта жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жоспарланған. Қазір статор орамаларын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. 2027 жылы соңғы жинақ орнатылады. Бұдан кейін роторларды жаңғырту көзделген. Бұл генератордың қуатын 85 мегаватқа дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Бұқтырма су электр станциясында өндірістік үдерістерді цифрландыру және жабдықтарды жаңарту жұмыстары қатар жүргізілуде. 2019 жылы орнатылған цифрлық басқару пульті технологиялық көрсеткіштерді бақылап, гидроагрегаттардың қуатын реттеуге мүмкіндік береді. Қазір станцияда жоғары кернеулі жаңа буын ажыратқыштары орнатылып жатыр. Жұмыс сапары барысында Үкімет басшысының бірінші орынбасары кәсіпорын басшылығына жаңғырту жұмыстарын одан әрі жалғастыруды тапсырды.

Нұртас Қайролдаев


Бөлісу