Стратегиялық нысандардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр
Өскеменде салынып жатқан жол айрығы жақында пайдалануға беріледі. Республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарды байланыстыратын бұл стратегиялақ нысан ерекше логистикалық маңызға ие. Құрылыс барысымен Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев танысты. Жоба толық іске қосылса, жолайрық арқылы тәулігіне 193 мыңға жуық көлік кептеліссіз қатынайды.
Мемлекет басшысы инфрақұрылымды дамыту және көлік қатынасын жақсарту міндетін жүктеді. Осы бағытта өңірде бірқатар ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – Өскемендегі Сәтбаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысында салынып жатқан жолайрық. Қазір тек Өскеменнің өзінде 400 мыңға жуық тұрғын бар. Ал, тіркелген көлік саны 133 мыңнан асады. Сондықтан, қарбалас уақытта көлік кептелісі жиілейді. Жаңа жолайрық осы мәселені шешуге бағытталған.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Еуропадан осы аптаның ішінде қосымша құрылғылар келеді. Соларды орнатып, келесі аптада Қаныш Сәтбаев даңғылын ашамыз. Ал содан кейін он күн көлемінде Есенберлин көшесінің жол кептелісінің алдын алу бойынша жолды ашуды ойластырып отырмыз.
Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сай жүріп жатыр. Нысандағы жұмыс барысын Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев арнайы тексеріп, жауапты мамандарға сапаны қатаң бақылауды тапсырды.
Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
Өздеріңіз бастадыңыздар мүмкіндіктеріңіз бойынша. Өтініштеріңізді Мемлекет басшысына жеткіздік. Қаражат бөлді, қарады тамыз айында. Міне, бүгін нәтижесін көріп отырмыз. Ары қарай сапалы қылып табыстау керек.
Жол айрығының құрылысы 2027 жылы толық аяқталады деген болжам бар. Қазір негізгі жұмыс атқарылып көктемге дейін нысан маңы абаттандырылмақ.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өскемен су электр станциясының жұмысымен де танысты. Сапар барысында станцияның өндірістік қуаты мен жабдықтарды жаңғырту барысы қаралды. Басты мақсат – электр энергиясын өндіру тиімділігін арттырып, нысанның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету.
Олег Изотов, «Өскемен СЭС» ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары:
Су электр станциясын жаңғырту жұмыстары 2009 жылы басталды. Қазіргі уақытта үш гидроагрегат толық жаңартылды. Жаңғырту нәтижесінде әр агрегаттың қуаты 82 мегаваттан 95 мегаватқа дейін артты. Қазір төртінші гидроагрегат жаңартылып жатыр. Қажетті жабдықтардың 90 пайызы жеткізілді. Оны 2027 жылдың тамызында пайдалануға беру жоспарланған. Жаңғырту аяқталғаннан кейін төртінші гидроагрегаттың да қуаты 95 мегаватқа жетеді. Осылайша станцияның жалпы белгіленген қуаты 367,8 мегаваттан 380 мегаватқа дейін ұлғаяды. Жұмыстың негізгі мақсаты – ескі жабдықтарды энергияны тиімді пайдаланатын жаңа құрылғылармен алмастыру. Жаңартылған жабдықтар 40 жылдан астам уақыт қызмет етеді. Сонымен қатар, су шығынын өзгертпей-ақ, жыл сайын қосымша 17 миллион киловатт-сағат электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді.
Жұмыс сапары барысында гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігіне де назар аударылды. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары энергетикалық нысанның сенімділігі мен қауіпсіздігін бағалау аясында гидротехникалық құрылыстардың жай-күйімен танысты. Бұл – станцияның үздіксіз жұмысын қамтамасыз етудегі маңызды талаптардың бірі.
Бұдан бөлек, Өскеменде жылу электр орталығын кеңейтуге бағытталған үш жылдық жоба басталды. Жоба құны 140 млрд теңге. Бұл бастама аясында электр қуаты 100 МВт болатын турбоагрегат пен сағатына 130 гигакалория жылу өндіретін қазандық блогын орнату жоспарланған. Нұрлыбек Нәлібаев ЖЭО-на барып, жобаның іске асырылу барысын көрді.
Азамат Бейімбетов, «Өскемен ЖЭО» ЖШС бас директоры:
Жобаның негізгі мақсаты –зиянды шығарындылардың үлестік көлемін азайту және жабдықтардың тозу деңгейін төмендету. Жоба іске қосылғаннан кейін қосымша 55 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Жоба жаңа генерациялау қуаттарын іске қосуға, қажетті резерв қалыптастыруға бағытталған. Жұмыс сапары барысында Нұрлыбек Нәлібаев станцияның өндірістік алаңдарын аралады. Атап айтқанда, жұмыс бөлімінің қызметі, №13 турбоагрегаттың құрылыс алаңындағы жұмыстармен және №16 қазандық агрегаты салынып жатқан аумақпен танысты. Оған құрылыс жұмыстарының барысы мен жобада қолданылатын техникалық шешімдер таныстырылды. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары жобаны іске асыру кезінде құрылыс сапасы мен белгіленген мерзімдердің сақталуына назар аударды. Өскемен ЖЭО-ын кеңейту – өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды инвестициялық жоба. Жобаны 2029 жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.
Фатима Тілейханқызы