Негізгі Жаңалықтар Алтай ауданында Республика күні аталып өтті

Алтай ауданында Республика күні аталып өтті

Алтай ауданында Республика күніне арналған «Елдігімнің еңсесі биік» атты мерекелік концерт өтті. Салтанатты шара барысында аудан тұрғындары марапатталып, олардың еңбегі мен кәсіби жетістіктері атап өтілді. Мерекелік бағдарлама ел бірлігін дәріптеп, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға арналды.

Мерекелік шара аясында ұлттық құндылықтарға арналған тақырыптық көрме де ұйымдастырылды. Келушілер түрлі халықтардың бай мәдени мұрасымен танысты. Сондай-ақ оркестр сүйемелдеуімен сазды әуен орындалып, концерт барысында өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан аудан тұрғындары марапатталды. Жоғарғы кәсібилігі мен жауапкершілігі үшін Құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табысталды. Марапат иелерінің қатарында Галина Путилина да бар. 

Галина Путилина, ауыл тұрғыны:

Алтай ауданының барлық тұрғынын шын жүректен құттықтаймын! Мереке қарсаңында үлкен мерекелік концерт өтті. Сол шарада мен Құрмет грамотасымен марапатталып, еңбегім еленді. Еңбегіме берілген баға үшін алғысымды білдіремін. Бұл марапат – жетістіктерімнің мойындалуы ғана емес, алдағы уақытта да халқымыз бен Отанымыздың игілігі үшін аянбай еңбек етуге берілген үлкен ынталандыру.

Ауданның қоғамдық тәртібі мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – жауапкершілігі жоғары қызмет. Бұл бағытта құқық қорғау органдарының мамандары күнделікті еңбек етіп, заң талаптарының сақталуына үлес қосып келеді.

Нұржан Рахимжанов, Алтай аудандық ПБ учаскелік полиция инспекторы:

Осы салада 22 жыл болды істеп жүргеніме. Осы Республика күніне қазір мен марапатталып жатырмын. Осы күнге орай халқымсызға тыныштық тілеймін. Елімізге амандық тілеймін. Республика күні баршамызға құтты болсын! 

Өңір экономикасының дамуында өндіріс саласының қызметкерлерінің де үлесі бар. Кен өндіру жұмысы кәсіби шеберлікті, төзімділікті және еңбек қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауды қажет етеді. Бұл саладағы әр маманның жұмысы өндірістің тұрақты жүруі үшін маңызды.

Александр Кожуховский, ауыл тұрғыны:

Мен Малеев кенішінде жеті жылдан бері кен үңгілеуші болып жұмыс істеймін. Қазақстан Республикасының мерекесі – Республика күніне орай еңбегіміз еленіп, марапатқа ие болдық. Бұл бізге әрі қарай дамып, жұмысты бұрынғыдан да жауапкершілікпен атқаруға ынта береді. Алтай ауданының және облыстың барлық тұрғынын Қазақстан Республикасының Республика күнімен құттықтаймын! 

«Елдігімнің еңсесі биік» атты мерекелік шара концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Іс-шара тұрғындардың ел тарихына құрметін арттырып, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға және ортақ мерекелік көңіл күй қалыптастыруға бағытталды. Концерт барысында орындалған патриоттық әндер мен шығармашылық қойылымдар туған жерге деген сүйіспеншілікті дәріптеді. Мұндай тағылымды шаралар ел бірлігін нығайтып, тәуелсіздіктің қадірін түсінуге және ұлттық мұраны келер ұрпаққа жеткізуге ықпал етеді.

Бекарыс Энгельс

Бөлісу