Негізгі Жаңалықтар Қаржы пирамидаларынан сақ болыңыз!

Қаржы пирамидаларынан сақ болыңыз!

Ұлан ауданында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында Қаржы пирамидаларынан сақ болыңыз акциясы өтті. Іс-шараның мақсаты – тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру және қаржы пирамидалары мен интернет-алаяқтықтың алдын алу. Акцияны Экономикалық тергеп-тексеру департаменті, Ұлан ауданының прокуратурасы және «Антарес» қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырды.

Кездесу барысында мамандар қаржы пирамидаларының негізгі белгілерін түсіндіріп, алаяқтықтың кең таралған түрлері туралы ақпарат берді. Сонымен қатар, қаржы ұйымдарының заңдылығын тексеру, күмәнді ұсыныстарды ажырату және алаяқтардың арбауына түсуден сақтану жолдары түсіндірілді.

Динара Алпысбаева, ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі:

 «Стоп пирамида» акциясының мақсаты – тұрғындарды интернет-алаяқтықтан, жалған ақпарат пен қаржы пирамидаларынан қорғау. Шара барысында азаматтарға қаржы пирамидаларының негізгі белгілері түсіндіріліп, жаңа салымшыларды тарту, жоғары табыс уәде ету және қаржы айналымының түсініксіз болуы секілді күмәнді әрекеттерден сақ болу қажеттігі ескертіледі. 

Кездесуде цифрлық қауіпсіздік мәселесіне де назар аударылды. Қазіргі уақытта алаяқтар жалған бейне мен дауыс жасауға мүмкіндік беретін жасанды интеллект технологияларын да пайдалануы мүмкін. Бұдан бөлек, жеке деректерді иемдену және күмәнді сілтемелер арқылы ақпаратқа қол жеткізу әрекеттері де қауіп төндіреді. Мамандар азаматтарға белгісіз сілтемелерді ашпауға, құпия мәліметтерді бөгде адамдарға бермеуге және ақша аудармас бұрын ақпаратты тексеруге кеңес береді.

Берік Сәрсеков, экономика ғылымдарының магистрі:

Іс-шара барысында өте көп мағұлмат берілді деп ойлаймын. Цифрлық дәуірдің, жасанды интелекттің дамуына байланысты қазір көптеген өзгерістер орын алуда. Жалпы, осы орайда тұрғындар өздерін қалай қауіпсіз сезіне алады? Электронды қосымшаларды қалай дұрыс пайдалану керек? Егде жастағы адамдар кейде телефонға келген хабарламаларды байқаусызда басып жіберіп жатады. Осы бойынша бұл шаралардың қалай алдын алу керектігін, өзімізді қауіпсіз сезіну керектігі бойынша түсіндірдік. 

Мамандардың айтуынша, мұндай жиындар қоғамның қаржылық сауаттылығын арттырып қана қоймай, алаяқтықтың алдын алуға және азаматтардың жеке қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.

КӘУСАР ИДАЯТҚЫЗЫ


Бөлісу