Брайль әліпбиін үйреткен ұстаз
Өскеменде тифлопедагог Гүлбану Күзекпаева көру қабілеті бұзылған ересек адамдарға Брайль әліпбиін меңгеруге көмектеседі. Ол – облыс орталығында зағип және көру қабілеті төмен ересектерге осы жүйе бойынша сабақ беретін жалғыз маман. Педагог шәкірттеріне оқу мен жазуды үйретіп қана қоймай, олардың өзіне деген сенімін арттырып, дербес өмір сүруіне жол ашады.
Гүлбану Күзекпаева облыстық зағип және көру қабілеті төмен азаматтарға арналған арнайы кітапханада 15 жылдан бері еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде ол көру қабілетінен айырылған ересектерге Брайль жүйесі арқылы оқып, жазуды үйретіп жүр. Сабақ барысында әр шәкірттің мүмкіндігі мен қажеттілігі ескеріледі. Маман жеке де, топпен де жұмыс істейді.
Гүлбану Күзекпаева – тифлопедагог:
Тифлопедагог – өте пайдалы, қажетті әрі игілікті мамандық. Бұл – зағип және көру қабілеті төмен адамдарға Брайль әліпбиін үйретіп, оқуға және жазуға баулу ғана емес. Көпшілік Брайль әліпбиін меңгерумен бәрі бітеді деп ойлайды. Бірақ олай емес. Мұнда адам Брайль жүйесін үйренумен қатар, қоғамға бейімделеді. Жеке және топтық сабақтар өткізіледі. Олар бір-бірімен қарым-қатынас жасауды үйреніп, өзгелердің жетістіктерін көріп, өздері де алға ұмтылады.
Әрбір жаңа дағдының артында шәкірттің табандылығы мен ұстаздың төзімі тұр. Гүлбану ханымның сабағына келетін жандар үшін Брайль жүйесін меңгеру – жай ғана оқу мен жазуды үйрену емес. Бұл – өзіне деген сенімді арттырып, ақпарат алудың жаңа мүмкіндіктерін игеру жолы. Ал ұстаздың қолдауы мен түсіндіру тәсілі шәкірттерге кездескен қиындықтарды еңсеруге көмектеседі.
Роман Бояринов, Г. Күзекпаеваның шәкірті:
Ол, ең алдымен, жауапкершілігі жоғары адам. Мен оны көптен бері, он жылдан астам уақыттан бері білемін. Кітапханаға алғаш келген кезде басқа мұғалім сабақ беретін, бірақ анда-санда ғана айналысатын. Ал Гүлбану сабақ бере бастағалы, жаттығулар қарқынды жүрді. Оқу мен жазуға көбірек көңіл бөлініп, талап күшейді. Ол – еңбекқор әрі жауапты маман.
Виктория Сайбель, Г. Күзекпаеваның шәкірті:
Менің көру қабілетімде бала кезімнен мәселе бар. Уақыт өте келе кәдімгі баспа кітаптарын оқу қиындай бастағанын түсіндім. Содан кейін Брайль жүйесін үйренуге бел будым. Гүлбану – сабырлы адам. Бір нәрсені түсінбей қалсаң, асықпай, байыппен түсіндіреді.
Анна Залещук, Г. Күзекпаеваның шәкірті:
Гүлбануға алғаш келгенде оқи алатынмын, бірақ жазуым өте нашар еді. Ол маған сабаққа келіп, бірге дайындалуды ұсынды. Содан бері Брайль жүйесін үйреніп жүрмін. Нәтиже бар: қазір жақсырақ жазамын, жылдамырақ оқимын. Гүлбану – сабырлы, байсалды әрі оптимист адам. Бір нәрсе ойдағыдай болмаса, түсінікті етіп жеткізеді. Кейде әзілдеп, кейде басыңнан сипап жұбатады, қажет кезде ескерту де жасайды.
Гүлбану Күзекпаева шәкірттеріне Брайль әліпбиін үйретіп қана қоймай, олардың шығармашылық қабілетін дамытуға, өзгелермен араласып, қоғамдық өмірге белсенді қатысуына да ықпал етеді. Оның еңбегі кітапхана қызметінің маңызды бір бөлігіне айналған.
Елена Дементьева, ШҚО зағип және көру қабілеті төмен азаматтарға арналған арнайы кітапхананың бөлім меңгерушісі:
Гүлбану Амангелдіқызы кітапханамызда 2011 жылдан бері тифлопедагог болып жұмыс істейді. Луи Брайль әліпбиін өз бетінше меңгеріп, зағип және көру қабілеті төмен оқырмандарға Брайль жүйесі бойынша оқып, жазуды үйретеді. Көру қабілеті бұзылған оқырмандармен жеке және топтық сабақтар өткізеді. Кәсіби қызметімен қатар, шығармашылық қабілеті де жоғары. Ән айтады, өлең оқиды, мәдени-көпшілік іс-шараларға белсенді қатысады.
Гүлбану ханым шәкірттері үшін білім беретін ұстаз ғана емес, қиындықты еңсеруге жігерлендіріп, өз күшіне сенуге үйрететін тәлімгер. Оның әр сабағы – жаңа дағдыны меңгеруге, дербестікті арттыруға және қоғаммен еркін араласуға жасалған қадам. Педагогтің күнделікті еңбегі көру қабілеті бұзылған жандардың өмір сапасын жақсартуға, өз мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.