Негізгі Жаңалықтар Орманшылар күні

Орманшылар күні

Қазан айының үшінші жексенбісінде орман шаруашылығы қызметкерлері кәсіби мерекесін атап өтеді. Орманды күтіп-баптау, өрттің алдын алу және табиғатты қорғау – олардың күнделікті жұмысы. Ал орманшылардың бір күні қалай өтеді? Әріптесіміз Бекарыс Секен танысып қайтты.

Орманшының таңы осылай басталады. Қорық аумағын аралап, табиғаттың жай-күйін бақылайды. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязына төзіп, қалтқысыз қызмет етеді. Алайда орманды қорғау мұнымен шектелмейді. Әр ағаштың санитарлық жағдайын қадағалайтын мамандар бар. Оларды – орман дәрігері деп атайды. 

Әлібек Қосаев, орман дәрігері:

Орман патологы орманның санитарлық жағдайын зерттеп, бақылау жасап отырады. – Мысалы мына алдымыздағы ағаштың санитарлық жағдайы қалай. -Иә, мына сібір шыршасы мына бүршіктер мұнда зиянкестер болғанын білдіреді. Олар ағашты мекендеп ауруға шалдықтырады. Бірақ біз оның алдын алып отырамыз. Сырқатты емдегеннен алдын алу маңыздырақ.

Мамандар ормандағы ағаштардың жай-күйін тексергеннен кейін зертханаға барады. Онда алынған нәтижелер зерттеліп, ауруға шалдығу себептері анықталады. 

Әлібек Қосаев, орман дәрігері:

Биыл жазда күн ыстық болғандықтан самырсын ағаштары көбірек қурағаны анықталды. Солардың фрагменттерін алып, ауруға шалдықта ма, әлде шалдықпады ма соны анықтаймыз. Зақымдайтын саңырауқұлақ түрі бар. Содан мутация жасап ауруға шалдығады. Нақтысын белгілеу үшін микроскоб арқылы көреміз.

Жұқпалы ауру орман шетіне іліксе, тұтас алқап аз уақыттың ішінде құлазыған қу далаға айналуы мүмкін. Міне, ағаштардың ауруына қарсы күрестің керек жері де осы. Сондықтан бұл мамандық – кәдімгі адам дәрігерінің еңбегі тәрізді алапат төзімділікті, асқан біліктілікті қажет етеді.

Әлібек Қосаев, орман дәрігері:

Орман патологы мамандығында жұмыс істеп жүргендіктен орманның тілін түсіну өте маңызды деп ойлаймын. Орман ол біздің – анамыз. Орман ол табиғаттың үлкен бір бөлігі. Табиғат аман болса адамдар да аман болады.

Соңғы жылдары шығыстың табиғатына тамсанатындар көп. Елдегі орман қорының төрттен үш бөлігі осы өңірде шоғырланған. Бұдан бөлек, республикадағы су қорының да 40 пайызы осында. 

Оливьер Гризард, турист (Франция):

Біз шығыстың орманын көруді бұрыннан армандадық. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан Еуропадан осы жаққа келуге шешім қабылдадық. Оған өкінбейміз де. Алған әсерімізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Келесі жылы жазда міндетті түрде қайта келеміз деген жоспарымыз бар.

Орманның байлығы – тек қалың ағашы мен көркем көрінісінде емес, оның тұтас экожүйесінде. Сондықтан қорық қызметкерлері табиғи тепе-теңдікті сақтауға күш салады. Бірі аумақты күзетсе, енді бірі ағаштардың жағдайын тексереді. Әр маманның еңбегі ортақ, міндеті бір. Ол – орманды көздің қарашығындай сақтау.

Бөлісу