Халықаралық конференция өтті
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Түркітану: ғылыми мұра, дәстүрлер және заманауи зерттеулер» атты X халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиын Бүкілодақтық түркітанушылардың бірінші съезіне 100 жыл және В.В. Радловтың Орхон экспедициясына 135 жыл толуына арналды. Халықаралық басқосуда Алтайдың тарихи-мәдени мұрасы, түркі әлемінің өткені мен бүгінгі зерттеулері талқыланды.
Алтай – түркі халықтарының ортақ тарихы мен мәдениетін тануда айрықша орын алатын өңір. Оның тарихи мұрасы мен көне өркениет іздерін зерттеу – өткенді зерделеп қана қоймай, оны келер ұрпаққа жеткізудің де маңызды жолы. Осы мақсатта ұйымдастырылған халықаралық конференцияға Қазақстанның түрлі қалаларынан және шетелден ғалымдар мен зерттеушілер жиналды.
Хироюки Нагаминэ, тарихшы:
Шақыртуларыңызға алғыс білдіремін. Бұл конференцияға қатысу мен үшін тарихшы ретінде үлкен мәртебе. Шынымда айтсам бұл менің көптен бергі арманым еді. Себебі бұл Жошы ұлысының бастауымен байланысты тарихи мекен. Конференцияға қатысып жатқаныма қуаныштымын.
Басқосуға зиялы қауым өкілдері, көрнекті тарихшылар мен ғалымдар, отандық және шетелдік зерттеушілер жиналды. Олар Алтай өңірінің тарихи-мәдени мұрасын зерделеу, түркі өркениетінің қалыптасуындағы аймақтың орнын айқындау және ғылыми зерттеулердің нәтижелерін ортаға салу мәселелерін талқылады.
Майра Тарлаубай, «Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры:
Жалпы осы оныншы халықаралық конференция «Алтай-түркі әлемінің алтын бесігі» атты. Биыл оныншы рет ұйымдастырылып жатыр. Конференцияның негізгі мақсаты- жалпы осы қазақ Алтайының, үлкен Алтайдағы тарихи, мәдени жәдігерлерді жас ұрпаққа насихаттау, негізгі мән-мағынасын түсіндіру. Жалпы осы конференцияға 200-ден астам өтінім берілді қатысушылардан. Соынң ішінде 20-дан астам шетелдік қатысушылардан өтінім келді. 50-ден астам Қазақстанның басқа қалаларынан, басқа оқу орындарынан түсті.
Конференцияның халықаралық деңгейде өтуі Алтай мұрасына деген ғылыми қызығушылықтың ауқымын аңғартады. Ғалымдар көне дәуірдегі түркі тайпаларының тарихын, олардың мәдениеті мен өмір сүрген ортасын зерттеу арқылы ортақ тарихи тамырларды тереңірек тануға мүмкіндік алады. Түркиядан келген Ахмет Ташағыл да Алтай өңірін түркі дүниесінің көне тарихымен сабақтастыра қарастырады.
Ахмет Ташағыл, түркітанушы:
Өскемен жайлы көп жерлерде айтамын. Яғни, қасиетті жер. Түркі жұртының ең ескі жері деп Алтайды айтса болады. Менің сол туралы екі еңбегім бар. Басқа еңбектерімде де жаздым. Қандай тайпалар мекендеген, олардың мәдениеті қалай болды, олар қайда өмір сүрді сол туралы мәліметтерім бар.
Халықаралық конференция түркітану саласындағы ғылыми байланысты нығайтып, тарихи мұраны жаңа зерттеулер арқылы зерделеуге жол ашады. Алтайдың көне тарихын тану мен оның мәдени құндылықтарын дәріптеу – ортақ мұраны келешек ұрпаққа аман жеткізуге бағытталған маңызды жұмыс.
Бекарыс Энгельс