Азамат Жакуповты еске алуға арналған турнир өтті
Ұлан ауданында волейболдан қыздар арасында III республикалық турнир өтті. Дүбірлі дода Азамат Жакуповты еске алуға арналған. Бес күнге жоспарланған бәсекеде еліміздің әр өңірінен жиналған 12 команда қатысты.
Жарысқа еліміздің 12 командасы, жалпы саны 168 спортшы қатысуда. Алаңда Шығыс Қазақстан облысының аудандары мен Өскемен қаласының, Семей және Павлодар өңірлерінің волейболшылары кездесуде. Жас спортшылардың әрқайсысы жеңіске жетіп, жүлделі орыннан көрінуге ниетті. Ал командалардың дайындығы мен ойын деңгейі турнир қорытындысында сараланады.
Айгерім Мунусова, бас төреші:
Барлық командалар жарысқа сай өз деңгейлерін көрсетіп жатыр. Жарысымыз 12 команда, бөлініп үш подгруппада өтіп жатыр. Оның ішінде екі жеңіспен шығатын командамыз 1/6 жартылай финалға өтеді. Содан кейін бізде финалдық ойындар болады.
Азамат Жакупов 1954 жылы қазіргі Бозанбай ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде бастап, кейін комсомол ұйымдарында және Қазақ КСР-нің мемлекеттік спорт комитетінде қызмет атқарған. 1983 жылы Мәскеуде өткен Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестиваліне, 1985 жылы Италияда ұйымдастырылған Бүкіләлемдік универсиадаға қатысқан. Оның есімін ұлықтауға арналған турнир жас спортшыларды біріктіріп, өскелең ұрпаққа өнегелі жолын танытуға бағытталған дейді інісі Ербол Жакупов.
Ербол Жакупов, А.Жакуповтың бауыры:
Бұл турнир 2012 жылдан өтеді. Биыл міне үшінші жыл болды республикалық деңгейде өтеді. Спансорларға және спорт басқармасына мың алғысымызды айтамыз. Мен ойлаймын турнир үлкен деңгейде өтеді. Командалар мықты. Ең мықтысы жарыстан кейін белгілі болады. Бәріне ақ жол.
Павлодар облысының Ертіс ауданынан келген команда жарысқа тыңғылықты дайындықпен келген. Жаттықтырушы Ермек Усеновтің айтуынша, биылғы турнирде бәсеке жоғары. Соған қарамастан, оның шәкірттері жүлделі орыннан көрінуді мақсат етеді.
Ермек Усенов, «Ертіс» командасының жаттықтырушысы (Павлодар қ.):
Қарсыластар өте мықты, командалардың деңгейі жоғары. Дегенмен, жүлделі орыннан көрінуге бар күшімізді саламыз. Бұл команда үшін өте маңызды. Дайындығымыз жақсы, жеңіс үшін күресуге дайынбыз. Қыздарға беретін басты тапсырмам – жеңіске ұмтылу, әр доп үшін соңына дейін күресу. Қарсыластың атағы мен абыройына қарамай, өз ойынымызды көрсетуіміз керек. Алғашқы ойынды жақсы өткіздік. Қыздар жеңіске жетті. Әрине, қателіктер де болды, бірінші партияда есе жібердік. Соған қарамастан, қыздар жігер танытып, ойынды 2:1 есебімен аяқтады.
Алғашқы кездесудегі жеңіс павлодарлық командаға сенім сыйлаған. Енді ойыншылар алдағы матчтарда да қарқынын бәсеңдетпей, қарсыластарынан басым түсуге күш салмақ. Команда мүшелері жарысты жоғары бағалап, қонақжайлық танытқан шығысқазақстандықтарға алғыс білдірді.
Айару Сұлтанова, «Ертіс» командасының ойыншысы (Павлодар қ.):
Бірінші ойынды ойнадық. Үш партия. Жеңіске жеттік. Шығыс Қазақстанға үлкен рахмет осылай қарсы алғаны үшін. Біздің басты қарсылас ол «Берел» командасы. Оларға сәттілік тілеймін бізге жеңіс.
Өз алаңында өнер көрсетіп жатқан ұландық спортшылар үшін бұл – дайындықтарын танытып, өзге өңірлердің командаларымен тәжірибе алмасуға мүмкіндік. Ал әр ойынның нәтижесі келесі кезеңге жолдама алу үшін маңызды.
Альфия Жанабаева, Ұлан ауданы командасының ойыншысы:
Біз екі жыл қатарынан ойнап жатырмыз осы жарыста. Жарысқа көптеген дайындықтар болды. Командалар өте мықты, бірақ біз жеңу деген мақсатпен келдік.
Нұрай Алмасқызы, Глубокое ауданы командасының ойыншысы:
Біздің жарысқа деген дайындығымыз керемет. Ойнаймыз деп алдымызға мақсат қойып келдік. Жеңеміз деп үмітенемін.
Республикалық турнир 16 қазанға дейін жалғасады. Жас волейболшылар осы күндері өзара мықтыны анықтап, командалық шеберліктерін шыңдайды. Азамат Жакуповтың есімін ұлықтауға арналған жарысқа демеушілік қолдау көрсеткен «Казцинк» компаниясы спортты дамытуға және жас таланттарды қолдауға үлес қосып отыр.
Нұртас Қайролдаев