Инклюзивті спорт фестивалі өтті
Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде «Тең мүмкіндіктер» атты балалар инклюзивті спорт фестивалінің облыстық кезеңі өтті. Жарысқа ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен аймақтың әртүрлі қалалары мен аудандарынан келген жас өрендер қатысты. Фестиваль балалардың өз мүмкіндіктерін сынап, жігерін танытуына және бір команданың мүшесі екенін сезінуіне жол ашты.
Жарыс басталмай тұрып-ақ қатысушылардың бойында толқу мен жеңіске деген құлшыныс байқалады. Жас спортшылар өздерін жігерлендіріп, үздік нәтиже көрсетуге барынша тырысты. Олардың көпшілігі үшін бұл алғашқы жарыс емес. Бұған дейін де түрлі спорттық сайыстарға қатысып, командалық ойындарда бақ сынаған. Мұндай тәжірибе балаларды жеңіске жетуге ғана емес, жеңілісті де лайықты қабылдауға үйретеді.
Тамерлан Құсайынов, жарысқа қатысушы:
Біз жарысқа қатысып жатырмыз. Бірінші орын алғымыз келеді.
Кәрім Құрманғалиев, жарысқа қатысушы:
Біз жүгіруден жарысқа қатысу үшін келдік. Командамызда үш адам бар. Мұндай жарыстарға алғаш рет қатысып отырған жоқпыз. Көптеген жерлерде болдық, футбол, волейбол ойнадық. Көп жарысқа қатысып үлгердік.
Жарыс алдында қатысушыларға Аймақ басшысының орынбасары Айдар Садырбаев ақжарма тілегін арнады. Ол жас спортшыларға өз күшіне сеніп, жаңа белестерді бағындыруға тілектестік білдірді. Бұдан бөлек, ортақ мақсат жолында бірлік танытудың маңызын атап өтті.
Айдар Садырбаев, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
Біз «Тең мүмкіндіктер» фестивалін кезекті рет өткізіп отырмыз. Оның мақсаты – әрқайсымызды біріктіру. Қандай жағдай болмасын, біз бірлесе отырып, жеңіске ұмтылуымыз керек. Әрқайсыңызға жеңістің дәмін сезініп, жеңімпаздық рухтарыңыздың ешқашан сөнбеуін тілеймін.
Фестиваль мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен ұйымдастырылып отыр. Шараның мақсаты ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың спортпен шұғылдануына, қатарластарымен араласып, қоғамның қолдауын сезінуіне тең мүмкіндік жасау.
Алтынай Жәркімбаева, «Әділет» партиясы облыстық филиалының идеологиялық жұмыс қызметінің жетекшісі:
Синхрондағы бейнежазба шамадан тыс жарық түсіріліп түсірілгендіктен, кадр сапасын монтаж кезінде түзету қажет. Егер бейнені қалпына келтіру мүмкін болмаса, дыбысты сақтап, басқа кадрлармен беруге болады.
Фестиваль қатарынан үшінші жыл өткізіліп, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен олардың қатарластарын біріктіріп келеді. Біздің мақсатымыз – әр баланың спортпен шұғылдануына тең мүмкіндік жасап, қолжетімділігін қамтамасыз ету. «Әділет» партиясы үшін балалардың спортпен айналысуы, айналасындағылардың қолдауын сезінуі, өздеріне сенім артатынын білуі және жаңа достар табуы маңызды.
Облыстық кезеңнің бағдарламасына үш бағыт енгізілген. Олар – бочча, жеңіл атлетика және командалық эстафеталар. Әрбір сайыс қатысушылардан ептілік пен төзімділікті, сондай-ақ командалық үйлесімді талап етеді. Биылғы жарысқа 17 командадан 51 бала бақ сынап жатыр.
Бұлбұл Қозыбаева, ШҚО Білім басқармасы басшысының орынбасары:
Фестивальдің мақсаты – инклюзивті спортты дамыту және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсету. Бүгін қатысушылар жеңіл атлетика, бочча және көңілді старттар бойынша жарысып жатыр. Биыл 17 команда, барлығы 51 бала қатысуда. Барлық қатысушыларға сертификаттар мен ынталандыру сыйлықтары табысталады. Ал жеңімпаздар грамоталармен және ақшалай сертификаттармен марапатталады.
Бұл Фестиваль балаларға өз қабілеттерін танытуға, жаңа достар табуға және командалық қолдауды сезінуге мүмкіндік береді. Облыстық кезеңнің жеңімпаздары қазан айының соңында өтетін ірі додада өңір намысын қорғайды.
Нұрдәулет Қалибеков