Негізгі Жаңалықтар Классикалық музыка кеші

Классикалық музыка кеші

Өнер көшінің өрісі Өскеменге жетті. Еркеғали Рахмадиев атындағы Қарағанды академиялық симфониялық оркестрі Шығыстың шырайлы шаһарына гастрольдік сапармен келді. Өнер ұжымы өңір көрерменіне әлемдік классика мен симфониялық шығармалардың сан қырын таныстырып, әуезді кештің ажарын айшықтады.

Өнер ұжымының құрамында 70-тен астам музыкант бар. Аға буынның тәжірибесі мен жас буынның жалынды талпынысы тоғысқан оркестр үшін мұндай гастрольдік сапардың маңызы зор. Өйткені әрбір концерт тек сахнадағы шеберлікті шыңдау ғана емес, өнер арқылы өңірлер арасындағы шығармашылық байланысты нығайтудың да бір жолы.

Айдар Торыбаев, бас дирижер:

Концерт бағдарламасы Қажғалиевтің «Қыз Жібек» балетіне жазылған увертюрадан басталады. Одан кейін сахна төріне 15 жастағы скрипкашы шығып, Паганинидің №1 концертін орындайды. Жас музыканттың орындаушылық шеберлігіне мамандар да жоғары баға беріп отыр. Себебі Паганинидің бұл туындысы техникалық тұрғыдан ғана емес, музыкалық жағынан да аса күрделі шығармалардың бірі. Жас скрипкашының виртуоздық шеберлігі көрерменге ерекше әсер сыйлап, өнеріне деген құрмет пен сүйіспеншілікті арттырады. Концерттің алғашқы бөлігінен кейін антракт жарияланады. Ал кештің екінші бөлімінде әлемдік классиканың жауһары – Людвиг ван Бетховеннің №5 симфониясы орындалады. Бұл – әлемдегі ең танымал симфониялардың бірі әрі ұлы композитордың кеңінен мойындалған шығармас. 

Оркестр құрамында жас таланттар да бар. Солардың бірі 15 жастағы Сағадат Омарғазин. Жас скрипкашы алты жасынан бастап сүйікті аспабын серік еткен. Содан бері талай байқауда бақ сынап, республикалық және халықаралық додаларда жүлделі орындардан көрініп келеді. Сағадат үшін Өскеменге бұл сапардың жөні бөлек. Жас өнерпаз Қарағанды академиялық симфониялық оркестрі құрамында Шығысқа алғаш рет ат басын бұрып отыр. 

Сағадат Омарғазин, скрипкашы:

Бірінші сыныптан бері скрипка аспабында ойнап жатырмын жәнеде бүкіл әлемді аралап, өз өнерімді көрсетіп жатырмын. Көптеген байқауларда шетелде болып, өз өнерімді көрсетіп бас жүлдеге ие болдым. Бүгін мігне Қарғанды оркесторымен дирежорымен Айдар Торыбаевпен бірге өнер көрсетіп. Сахнаны бағындыруға келдім. 

Сазды кеште әлемдік музыканың жауһарлары орындалды. Бетховен сынды ұлы композиторлардың өлмес туындылары шырқалып, залда классикалық әуеннің құдіреті сезілді. Бірі ысқышын ілгері тартса, бірі пернесін дөп басып, әр аспап өз үнін тапты. Осылайша ондаған өнерпаздың басын қосқан оркестр бір арнаға тоғысқан тұтас әуенді көрерменге тарту етті.

Кербез Омарғазина, С. Омарғазиннің анасы:

Талай Республикалық халықаралық конкурстарда бірінші орн гранпр алған. Бірақ ең маңыздысы деп ойлайтыным ол транплин болғаны Австрияада Бетховен халықаралық скрипкашылар конкурсында бірінші орын алды. 

Қарағандыдан жеткен өнер керуені Өскемен төрінде осылайша классикалық музыканың көркем үнін әуелетті. Ал жас Сағадат сынды таланттардың сахнаға шығуы өнердің ертеңіне деген сенімді еселей түсті.

Нұрдәулет Қалибеков

Бөлісу