Киберспорт түрінен турнир өтті
Облыс орталығында Counter-Strike 2 компьютерлік ойынынан киберспорттық турнир өтті. Жарысқа бес ойыншыдан құралған 18 команда қатысып, үздіктері 500 мың теңгеден асатын жүлде қоры үшін бақ сынады. Турнир жастар арасында киберспортты дамыту және ойыншылардың басын қосу мақсатында ұйымдастырылды.
F16 Arena алаңында өткен бәсекеге қаладағы киберспорт әуесқойлары жиналды. Қатысушылар бірнеше кезең бойынша өзара мықтыны анықтады.
Аслан Бауыржанұлы, Өскемен қ. Жастар ресурстық орталығының директоры:
Өскемен қаласы бойынша ең алғаш рет болып Өскемен жастары F16 аренасы біріктіре отырып, біз киберспорт оның ішінде Counter-Strike ойынынан алғаш рет үлкен жарыс ұйымдастырып отырмыз. Мақсат қаламыздың белсенді киберспортшыларын дамыту мақсатында ұйымдастырып отырмыз. Бастапқы талап бойынша 16 команда жиналды. Адам саны көбіне байланысты 18 командаға толықтырдық. 850-ге жуық жарысқа өтініш білдіруші болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар жастардың цифрлық дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ойыншылар тәжірибе алмасып, өзара шеберліктерін шыңдайды. Турнир «Казцинк» ЖШС-нің бас демеушілігімен, «Jastar Oskemen» ұйымының ұйымдастыруымен және қала әкімдігінің қолдауымен өтті.
Олжас Падаш, бағдарламашы:
Осы турнир бойынша платформаны толық ойлап тауып, жазып шықтым. Іріктеу қалай болғанда, бізде бірінші күні турнирді ашып бастаған кезде бірден 400 адам регистрация өтті. 40 команда заявка тастады. Сондықтан басында регистрацияны жауып, платформа ішінде ЖИ жұмыс істейді. ЖИ қандай команда қою керектігін өзі таңдап, қандай командалар қою керектігін, соңғы 4 команда заявкасын қабылдады. Платформа ойлап тапқан себебіміз барлығы автоматты болуы керек.
Қатысушылар Өскеменде осындай турнирдің ұйымдастырылғанына ризашылықтарын білдірді.
Әркенжан Есқали, жарысқа қатысушы:
Турнирдің финалында жеңімпаздармен бірге ғана ойнаймын. Жалпы, осындай атмосфераның куәсі болғаныма өте қуаныштымын. Әсіресе, F16 Arena-ның біздің өңірде киберспортты дамытуға және кеңінен насихаттауға үлес қосып жатқаны қуантады.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік командалар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Бірінші орын иегерлеріне 240 герц жиілігі бар ойын мониторлары табысталса, екінші және үшінші орын алған командалар пернетақта мен ойын тінтуірлеріне ие болды. Мұндай турнирлер өңірде киберспорттың дамуына серпін беріп, жастардың осы бағытқа қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Кәусар Идаятқызы