Мәдениет үйі жаңартылды
Үлкен Нарын аудандық мәдениет үйі заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталып, тұрғындар үшін жаңа шығармашылық кеңістікке айналды. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асқан жоба аясында ғимарат жаңғыртылып, өнердің түрлі бағыттарына арналған кабинеттер ашылды.
Ауылдық жерлерде мәдени инфрақұрылымды дамыту – тұрғындардың шығармашылықпен айналысуына және бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беретін маңызды бағыттардың бірі. Осы мақсатта қолға алынған жоба ауданындағы мәдениет ошағына жаңа тыныс берді. Жобаны жүзеге асыруға «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры жалпы сомасы 155 миллион теңгеден астам қаражат бөлген. Оның ішінде ғимараттың ішкі жабдықталуына 112 миллион теңгеден астам, ал сыртқы аумақты абаттандыруға 42 миллион теңгеден астам қаржы бағытталды.
Гүлнар Оралова, аудандық Мәдениет үйінің директоры:
Бүгін міне ауданымызда ақ түйенің қарыны жарылатын үлкен мереке өтіп жатыр. Салтанатты ашылуы. «Қазақстан халқына» қорына үлкен аоңысымызды білдіреміз. Разымыз. Міне, шалғайда жатқан ауылға көп мүмкіндік берді бізге. Өте үлкеен мүмкіндіктер берді. Болашаққа үлкен әсерін тигізетін, жақсылығын тигізетін, нәтижесін көрсететін мүмкіндіктер беріп жатыр. Енді ауданымызда жастарға бірнеше кабинеттер ашылды. Бұйыртса, осының нәтижесін көрсетіп, біздің балалар шалғай жерде жатқан соң, облыс орталығына баратын жол алыс. Осы жерде енді берілген мүмкіндіктерді пайдаланып, үлкен нәтиже көрсетеміз деген ниеттеміз.
Жаңартылған мәдениет үйінде шығармашылықтың сан алуан бағытын дамытуға жағдай жасалған. Мұнда вокал, домбыра және халық аспаптары студиялары, қазақ фольклорлық ансамбліне арналған кабинет, дыбыс жазу студиясы жұмыс істейді. Сонымен қатар хореография, театр, арт-студия, косплей, медиастудия және балаларға арналған ойын бөлмесі жабдықталған. Әр кабинет келушілердің қызығушылығы мен қабілетіне қарай таңдау жасауына мүмкіндік береді.
Ләззат Шыңғысбаева, "Қазақстан халқына" қоғамдық қорының басқарма төрайымы:
Әже-аталарымыз айтып жатыр: «Ой жақсы болды. Мына Жаңа Қазақстан бізге де келіп қалды» -деп. Оған да қуанып жатырмын. Мына мәдениет саласында бұл- тәуелсіздік алған кезден бастап ең алғашқы осындай үлкен жаңарту мәселесі жүріп жатыр. Мен ойлаймын, бұл енді тек қана бастамасы. Өйткені, президентіміз айтып жатыр ғой. Қалада тұра ма қалқымыз, ауылда тұра ма ауылда тұра ма маңыздлы емес. Ең заманауи, ең жақсы нәрселердің бәрі қолжетімді болуы керек.
Жоба аясында ғимараттың ішкі кеңістігімен қатар, сыртқы аумағы да жаңартылды. Мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге арналған тұрақты сахна орнатылып, ұлттық нақыштағы киіз үй мен дәстүрлі «Алтыбақан» әткеншегі орналастырылды. Енді аудан тұрғындары ашық аспан астында мерекелік бағдарламалар мен шығармашылық кездесулер өткізе алады.
Айдар Садырбаев, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
Ауылдың ажары тұрмысымен ғана емес, өнерге деген құрметпен еселенетіні ақиқат. Сол себептен жаңарған мәдениет үйінде тәрбие алушылыр сөзсіз өнердің көсегенсін көгертіп, ертең үлкен додаларда бір ғана аудан емес, бір ғана облыс емес, тұтас Қазақстанның атын абыроймен ақтайды деп ойлаймын. Олай болса, жас жеткіншектерімізге ақ жол, сәт сапар тілеймін.
Ауылдық жердегі осындай заманауи кеңістіктер мәдени өмірдің жандануына, жастардың өнерге қызығушылығының артуына жол ашады. Жобаның басты нәтижесі де – шалғай елді мекен тұрғындарына жаңа мүмкіндіктер ұсынып, мәдени қызметтің қолжетімділігін кеңейту.
Бекарыс Энгельс