Негізгі Жаңалықтар Мәслихат сайлауына дайындық күшейтілді

Мәслихат сайлауына дайындық күшейтілді

Аймаққа Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында облыстық мемлекеттік органдар басшыларының, сондай-ақ өңірдегі қалалық және аудандық аумақтық сайлау комиссиялары өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті.

29 қарашада өтетін барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауына байланысты Орталық сайлау комиссиясы еліміздің өңірлеріне жұмыс сапарларын ұйымдастыруда. Мақсат – сайлау науқанына дайындық барысын бағалау, ұйымдастыру мәселелерін талқылау және жауапты органдарға заңнама талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескерту.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

Елімізде 228 мәслихат бар, депутаттық мандаттардың жалпы саны – 3 447. Бүгінде осы орындарға 9 мыңнан астам адам үміткер. Сайлауға дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Аумақтық сайлау комиссиялары 13 қазанда өздерінің күнтізбелік жоспарларын бекітті. Дәл осы күні Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, онда үлгілік күнтізбелік жоспар бекітіліп, барлық негізгі құжаттар айқындалды. Үкімет тарапынан қажетті қаржы толық көлемде бөлінді. Оның жалпы сомасы – 35,8 миллиард теңге. Біздің міндетіміз – өңірлерге, құзырлы органдарға сайлаудың заң талаптарына қатаң сәйкестікте, ашық әрі жариялы түрде өтуін қамтамасыз ету қажеттігін тағы бір мәрте жеткізу.

Кеңес барысында өңірдің алдағы сайлауға дайындығы туралы баяндамалар тыңдалды. Әсіресе, сайлау процесінің мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімді болуын қамтамасыз ету мәселесі де талқыланды. Бүгінде облыста 29 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. 

Дәулет Сарманов, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының м.а:

Шығыс Қазақстан облысында 29 144 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. 2026 жылғы 5 қарашадағы жағдай бойынша сайлау учаскелерінде дауыс беру құқығын жүзеге асыруы қажет 2 094 азамат анықталды. Олардың қатарында тірек-қимыл аппараты, есту және көру қабілеті бұзылған адамдар бар. Барлық сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы бұрыштар жабдықталып, сондай-ақ арба пайдаланатын және көру қабілеті бұзылған азаматтарға арналған дауыс беру кабиналары дайындалады. Бұдан бөлек, аталған азаматтардың сайлау құқығын кедергісіз жүзеге асыруы үшін 141 учаскеде сурдоаудармашылар жұмыс істейді.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, бүгінде сайлаушылар тізіміне 12 миллион 600 мыңнан астам азамат енгізілген. Дауыс беру процесін 10 мың 300-ден астам учаскелік сайлау комиссиясы ұйымдастырады. Алдағы науқанның тағы бір ерекшелігі – депутаттық мандаттардың шамамен 90 пайызы бірмандаттық округтер бойынша бөлінеді. Сондықтан сайлау процесіне округтік сайлау комиссиялары да тартылған.

Жанар Алқанова, облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

Облыс бойынша сайлау науқанына 14 аумақтық, 176 окуругтік және де 534 учаскелік сайлау комиссиясы жұмылдырылған. Облыстық мәслихат депутаттарының сайлауы бірмандаттық сайлау округтері бойынша да, партиялық тізімдер бойынша да өтеді. Ал аудандық және қалалық мәслихат депутаттары бірмандаттық округтер бойынша сайланады. Қазіргі уақытта облыс бойынша 528 кандидат тіркелген. Қазіргі уақытта күнтізбелік жоспарға сәйкес дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Кеңес қорытындысы бойынша алдағы сайлау науқанына сапалы дайындық жүргізудің маңыздылығы айтылды. Барлық жауапты мекемелер мен сайлау комиссияларының алдына дауыс беру процесін заңнама талаптарына қатаң сәйкестікте өткізу міндеті қойылды. Сонымен қатар сайлау науқанының барлық кезеңінде ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуге, қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға назар аудару тапсырылды.



Бөлісу