Дәстүрлі садақ атудан чемпиондарды қарсы алды
Дәстүрлі садақ атудан әлем чемпионатында ел намысын қорғаған қазақстандық спортшылар елге оралды. Оларды әуежайдан туған-туыстары, жақындары мен спорт жанкүйерлері салтанатты түрде қарсы алды. Оңтүстік Кореяның Ульсан қаласында өткен дүбірлі додада Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Ұлттық құрама сапында Шығыс Қазақстаннан Олжас Дюсупов пен Ажар Төлеуқанова өнер көрсетті.
Әуежайда спортшыларды жақындары мен жанкүйерлері ыстық ықыласпен қарсы алды. Әсіресе, үш алтын медаль иеленіп, әлем чемпионы атағын үшінші мәрте жеңіп алған Олжас Дюсуповқа қошемет ерекше болды. Мергеннің айтуынша, бұл жетістікке жету үшін жыл бойы үздіксіз дайындалып, бірнеше маңызды жарыста тәжірибе жинақтаған.
Олжас Дюсупов, дәстүрлі садақ атудан үш дүркін әлем чемпионы:
Жаттығулар жақсы өтті. Жылдың басынан бастап өте маңызды жарыстарға қатыстық. Бұның бәрі бізге тәжірибе болды. Және осы чемпионаттың алдында оқып жүрген жаттығулар өтті Алматы қаласында. Соны толығымен өтіп шықтым, 12 күн. Соның да арқасы, бірр жағынан. Ойдың бәрі сол жарысқа ғана бөлініп, нәтижесін берді десе де болады.
Қазақстан құрамасы чемпионатқа тоғыз команда жасақтап, жалпы саны 45 спортшымен қатысты. Сайысқа әлемнің әр елінен келген мергендер жиналып, өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде ұлттық құрама қоржынға сегіз медаль салды. Оның төртеуі – алтын, екеуі – күміс, тағы екеуі – қола. Ал алтын жүлденің үшеуін Шығыс Қазақстанның өкілі иеленді.
Ажар Төлеуқанова, дәстүрлі садақ атудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
Ұйымдастыру деңгейі жоғары деңгейде, барлық 700 адамды толықтай игеріп, керемет ұйымдастырды. Жалпы команда, Қазақстанның командасынан 9 команда және 45 спортшы жекелей сында өнер көрсетті. Соның ішінде, бізде төрт алтын, екі қола, екі күміс иегері атандық. Соның үш алтыны Шығыс Қазақстандық мергенімізге бұйырды.
Өте қуаныштымыз. Бұл бапкеріміздің, Республикалық бапкеріміздің керемет тактикасы деп ойлаймын. Және де осы жарысымызға баруына септігін тигізген біздің демеушілерімізге алғыс білдіреміз. Қолдау көрсетіп, оқу-жаттығу жиынына жіберген біздің спорттық басқармамызға алғыс білдіреміз.
Бұл жеңісте спортшылардың табанды еңбегімен қатар, бапкерлердің дайындығы мен қолдаушылардың үлесі де бар. Әсіресе, халықаралық додаға қатысу үшін өткен оқу-жаттығу жиындары өз нәтижесін берді. Ал үш жыл бұрын ғана дәстүрлі садақ атуды қолға алған Олжас Дюсуповтың бүгінгі биік белесі отбасы үшін зор қуаныш. Анасы ұлының жетістігіне ерекше толқыныспен қарайды.
Бақыт Ағзанова, О. Дюсуповтың анасы:
Өте-өте қуаныштымын. Ұлымның осындай жетістікке жеткені. Оңайшылықпен келген жоқ. Біріншіден, бір Аллланың қолдауы, екіншіден –халқымның қолдауы, үшіншіден – отбасының, туған - туыстарымыздың қолдауы, өзінің табандылығы, осы спортқа деген сүйіспеншілігі, махаббаты. Көп те болған жоқ, айналасы үш жылдың ішінде осындай дәрежеге жетіп отыр. Біздің енді қазағымыздың қанында бар ғой, мергендік деген. Біздің енді әке-шешем де осал емес.
Алғаш рет ұйымдастырылған әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы үздік нәтиже көрсетіп, дәстүрлі садақ атудан халықаралық деңгейдегі әлеуетін дәлелдеді. Ал Шығыс Қазақстанның екі спортшысының ел қоржынына жүлде салуы өңір спорты үшін үлкен жетістік. Жерлестеріміздің бұл жеңісі жас мергендерге үлгі болып, ұлттық спорттың дамуына серпін берері сөзсіз.
Ариана Нұрлыбекқызы