Өскеменде «Жас құтқарушылар» сайысы өтті
Төтенше жағдайда сабыр сақтап, дұрыс әрекет ете білу – үлкен жауапкершілік. Өскеменде өткен «Жас құтқарушылар» чемпионаты оқушылардың төтенше жағдайларға қаншалықты дайын екенін көрсетті. Жүзден астам жасөспірім өрт эстафетасы, альпинистік дайындық пен алғашқы медициналық көмек көрсету сынды қатаң сынақтарда өзара бақ сынасты.
Құтқарушы мамандығы – бұл жай ғана кәсіп емес, бұл әр секунды адам өмірімен өлшенетін асыл да қатерлі жол. От пен судың ортасына тайсалмай кіріп, өзгеге өмір сыйлау үшін темірдей тәртіп пен болаттай жігер қажет. Нағыз мамандардың осы ауыр да абыройлы жолын жас ұрпақтың санасына сіңіріп, төтенше жағдайда саспауға үйрету – бүгінгі сайыстың басты миссиясы. Бөгеттер мен сынақтардан сүрінбей өткен жасөспірімдердің бойынан ерлік пен елге деген жанашырлықтың үлгісі анық байқалды.
Нұрасыл Болатқанұлы, Облыстық ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының аға инженері:
Қатысушылар өздерінің білімдері мен дене дайындықтарын және де төтенше жағдай кезінде әрекет ету қабілеттерін көрсетті. Мұндай жарыс балалардың ұйымшылдыққа, көмек көрсетуге және қауіпсіздік ережелерін сақтауға үйретеді. Бүгін қатысушылар арасынан болашақ құтқарушылар өсіп келе жатқан шығар. Олар үшін көмек көрсету өмірлік мақсатына айналуы мүмкін.
Бұл додада оқушылар тек спорттық ширақтығын ғана емес, экстремалды жағдайда шұғыл шешім қабылдай білетін төтенше тапқырлықтарын да айқын көрсетті. Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша, бас жүлдені С. Нұрмағамбетов атындағы №4 орта мектептің командасы қанжығасына байлады. Бірінші орын №29 қосымша білім беру мектеп-орталығына бұйырса, екінші орынды №19 және №37 мектептер өзара бөлісті. Ал үздік үштікті №42 мектептің оқушылары түйіндеді.
Жансая Серікқызы, оқушы:
Бұл жарыс маған өте қатты ұнады. Ешқандай мін жоқ. Ешқандай кезде маған қиын болмады.
Осындай сүбелі жетістіктердің артында «Жас құтқарушы» орталығындағы жүйелі сабақтар мен Төтенше жағдай департаменті мамандарының шеберлік сыныптары тұр. Өйткені, мұнда балалар теорияны жаттап қана қоймай, қиын жағдайда саспай, зардап шеккенге дұрыс көмек көрсетуді үйренеді.
Ариана Нұрлыбекқызы