Негізгі Жаңалықтар Жастарға жол ашқан жәрмеңке

Жастарға жол ашқан жәрмеңке

«Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында облыс орталығында Шемонаиха ауданының әкімі өңір жастарымен кездесіп, арнайы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Шараға жиналғандар еңбек нарығындағы мүмкіндіктермен, кәсіби тұрғыда шыңдалу жолдарымен және ауданға қажетті мамандықтар тізімімен танысты.

Басқосуға қаладағы колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері шақырылды. Олардың басым бөлігі – алдағы уақытта үлкен өмірге қадам басып, еңбек жолын бастауға дайындалып жүрген түлектер. Аудан басшылығымен өткен ашық диалог жастарға өңірдегі кадр тапшылығын бағамдап, бүгінде қай саланың мамандарына сұраныс жоғары екенін білуге мүмкіндік берді. 

Ержан Шұрманов, Шемонаиха ауданының әкімі:

Бүгінгі таңда біз аудандағы барлық бос жұмыс орындарын ұсынып отырмыз. Олардың саны 500-ден асады. Бұл вакансиялар тау-кен өндірісі, агроөнеркәсіп кешені мен қайта өңдеу салаларын, сондай-ақ бюджет есебінен қаржыландырылатын мекемелерді қамтиды. Олардың қатарында ең алдымен медицина ұйымдары, мектептер, мектепке дейінгі және әлеуметтік қорғау мекемелері бар. Бос орындарды ұсынған әрбір жұмыс беруші ауданға қоныс аударып, еңбек жолын өз мамандығы бойынша дәл осы Шемонаиха өңірінен бастауға ниетті түлектермен және соңғы курс студенттерімен тікелей жүздесуге мүмкіндік алды. 

Жәрмеңкеде түрлі бағыттағы кәсіпорындар мен мекемелер өз ұсыныстарын ортаға салды. Студенттердің ерекше қызығушылығын білім беру саласы тудырды. Мұнда жас педагогтерге кәсіби жолын бастап, алған білімдерін тәжірибеде ұштастыруға зор мүмкіндік қарастырылған. 

Елдос Ұябасаров, Шемонаиха ауданы білім бөлімінің басшысы:

Жалпы Шемонаиха ауданында барлығы 23 білім беру мекемесі бар. Бұл білім беру мекемелерінде көптеген мамандығына қатысты вакансиялар бар. Атап айтатын болсақ, физика пәнінің мұғалімдері, математика пәнінің мұғалімдері, биология, химия, дене шынықтыру пәндерінің мұғалімдері қажет. Біздің ауданда жаңадан келген мамандарға жағдай жасалынады. Білім беру тарапынан, аудандық әкім тарапынан да, сондықтан кез-келген біздің жоғары оқу орындарынан, колледждерден келген студенттерді біз қабылдауға дайынбыз.

Студенттер тек ақпараттық стендтерді шолып қана қоймай, жұмыс берушілермен бетпе-бет тілдесіп, еңбек шарттарын егжей-тегжейлі сұрастырды. 

Мұндай кездесулер жастарға еңбек нарығында дұрыс бағыт-бағдар табуға, ал жұмыс берушілерге болашақ білікті кадрларды іріктеуге септігін тигізеді. Сонымен қатар, ашық пікір алмасу студенттерге облыс орталығынан тыс жерлердегі еңбек мүмкіндіктерін бағалап, туған өлкеде кәсіби тұрғыда өсу мүмкіндігін саралауға жол ашады. 

Ариана Нұрлыбекқызы

Бөлісу