Негізгі Жаңалықтар Зайсандағы жаңашылдық

Зайсандағы жаңашылдық

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында өңірлік инфрақұрылымды дамыту, жол сапасын жақсарту және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру міндеттері белгіленген. Осы ретте «Халықтық құрылыс» бастамасы аясында елді мекендердегі маңызды нысандарды жаңғыртуға, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға басымдық беріліп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар Шығыс Қазақстан облысында да жалғасуда. Соның ішінде Зайсан ауданында көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Мұнда жаңа әуежай салынып, республикалық маңызы бар автожолдар жөндеуден өтті. Аталған жобалар ауданның көлік қатынасын жақсартып қана қоймай, оның әлеуметтік-экономикалық дамуына да мүмкіндік береді.

Зайсанда салынып жатқан жаңа әуежайдың құрылысы аяқталуға жақын. Нысан іске қосылғанда аудан тұрғындарына Өскемен, Алматы және Астана қалаларына әуе арқылы қатынауға мүмкіндік туады. Сонымен қатар әуежай туристер үшін де жолды жеңілдетіп, ауданның табиғи және тарихи орындарына қызығушылықты арттырмақ. Ал республикалық маңызы бар жолдардың жөнделуі елді мекендер арасындағы қатынасты жеңілдетіп, жүргізушілер мен жолаушыларға қолайлы жағдай қалыптастырады. Бұл өзгерістерді жергілікті тұрғындар да сезініп отыр. 

Шайхымұрат Елжасов, аудан тұрғыны:

Президентіміздің жуықта ғана Жолдауын оқыдық басынан аяғына дейін. Сол Жолдаудың арқасында міне ауданымызда жол салынып жатыр, бұрын Зайсаннан Өскеменге 8-9 сағат жүріп баратынбыз, қазір 4-5 сағаттың ішінде Өскемен қаласына жетеміз.Аэропорт салынып жатыр ауданымызда, үлкен, онымен тек еліміздің ішінде емес, шет елге де қатынайтын боламыз.Ол да халыққа деген ниет, халыққа деген жақсылық. 

Шақпақ Шетіков, аудан тұрғыны:

Зайсан ауданында айтатын болсақ, жақында әуежай салынды. Ол жаман емес, аяқталуға жақын. Одан басқа құрылыстар, өндіріс саласында көптеген құрылыстар жүріп жатыр. 

Жаңа әуежай мен жаңартылған жолдар – Зайсан ауданының болашағына бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобалар. Олар тұрғындардың қатынасын жеңілдетіп, туризм мен кәсіпкерліктің дамуына жол ашады. Ең бастысы, шалғай ауданның өзге өңірлермен байланысын нығайтып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Бекарыс Әмірбек


Бөлісу