ШҚО мен Қытай ынтымақтастығы нығаяды
Қаладағы жоғарғы оқу орындарының бірнде ШҚО мен Қытай Халық Республикасы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы арасындағы экономикалық және сауда ынтымақтастығы жөніндегі жұмыс тобының екінші отырысы өтті. Басқосу онлайн форматта ұйымдастырылып, өңіраралық сауда, инвестиция, туризм және көлік-логистика салаларындағы маңызды жобалар сараланды.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ренат Құрмамбаев пен Қытай Халық Республикасы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Халық үкіметі төрағасының орынбасары Чжу Лифань тең төрағалық етті. Аталмыш кездесу бастапқыда шілде айында оффлайн форматта өтуі тиіс болғанымен, ұшаққа қатысты техникалық жағдайларға байланысты кейінге шегеріліп, жеті жылдық үзілістен кейін қайта жалғасып отыр. Тараптар бұл жолы нақты цифрлар мен болашақ жобаларға баса мән берді.
Ренат Құрмамбаев, ШҚО әкімінің орынбасары:
Шығыс Қазақстан облысы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданымен ынтымақтастықты сыртқы экономикалық қызметті дамытудың негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастырады. Бүгінде алдымызда өзара сауда көлемін ұлғайтып қана қоймай, бірлескен инвестициялық жобалар, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және өнім экспортын кеңейту есебінен жаңа өсу нүктелерін қалыптастыру міндеті тұр.
Отырыста шекара маңы ынтымақтастығын дамыту, логистика мен туризм әлеуетін арттыру мәселелері де талқыланды. Атап айтқанда, қазақстандық тарап Марқакөл ауданында «Қанас – Марқакөл» трансшекаралық туристік өткелін ашуды ұсынды. Сонымен қатар, Қытай тарапымен шекара маңындағы «Зимунай» экономикалық ынтымақтастық аймағының мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, сауда, логистика және бірлескен өндіріс бағытындағы байланысты нығайту мәселесі көтерілді.
Ержан Сембинов, ШҚО туризм және инвестиция басқармасының басшысы:
Біз Қытай тарапының «Зимунай» шекара маңы экономикалық ынтымақтастық аймағының әлеуетін сауда-саттықты, логистиканы және өнеркәсіптік кооперацияны дамыту алаңы ретінде тиімді пайдалану жөніндегі бастамасын қолдаймыз. Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары қатарында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін бірлескен кәсіпорындар құру, сондай-ақ қойма және көлік логистикасын дамыту бар.
Жиында аграрлық сектор мен экспорт әлеуеті де назардан тыс қалмады. Қытай нарығы облыстың ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін басым бағыттардың бірі болып отыр. Соның айғағы ретінде, аймақтан көрші елге жөнелтілген өнім көлемі жыл сайын артып келеді.
Дамир Мәмиев, ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының м.а:
Ағымдағы жылдың 9 айында Қытай Халық Республикасына 161 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталып, оның жалпы құны 87 млн АҚШ долларын құрады. Қытайдың Шығыс Қазақстан облысының агроөнеркәсіптік кешені өнімдерінің жалпы экспорт көлеміндегі үлесі 28,2%-ды құрайды. Бұл Қытай нарығының өңір өндірушілері үшін стратегиялық маңыздылығын айқын көрсетеді.
Өңірдің экспорттық құрылымы ауыл шаруашылығы өнімдерінің, биологиялық өнімдердің және оларды қайта өңдеу өнімдерінің кең ассортиментімен ерекшеленеді. Атап айтқанда, өсімдік майы, күнбағыс тұқымы, зығыр, арпа, күнжара және майлы дақылдарды қайта өңдеуден алынатын өзге де өнімдер, табиғи бал және сүтті балық экспортталады.
Жиын соңында екі тарап өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екендіктерін білдіріп, жұмыс тобының екінші отырысының хаттамасына қол қойды. Келесі үшінші отырысты Қытайдың Үрімші қаласында өткізу туралы келісім жасалды.
Ариана Нұрлыбекқызы