Негізгі Жаңалықтар 5 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді

5 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді

Мемлекет басшысы өз Жолдауында өңірлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртып, медицина мен білім сапасын арттыруды басты міндет етіп қойған еді. Осы бағытта өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Соңғы 10 айдың қорытындысы бойынша аймақта бес бірдей жаңа әлеуметтік нысанның құрылысы толық аяқталды. Оның төртеуі денсаулық сақтау саласына тиесілі болса, біреуі – заманауи білім ордасы. Толығырақ тілші бейнематериалында. 

Өңірдегі ең ауқымды әрі бірегей жоба – Өскеменде бой көтерген Гематология орталығы. Бұл мекеме күрделі диагностикалық зерттеулер жүргізіп, тұрғындарға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге арналған. Ғимараттың құрылысына 42,7 миллиард теңге жұмсалса, соңғы үлгідегі құрал-жабдықтарды алуға тағы 41,6 миллиард теңге бағытталған.

Ерназ Мұқатаев, ШҚО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының м.а:

Ең алдымен, КШТ-да орналасқан Гематология орталығының құрылысын аяқтағанымызды атап өткім келеді. Жер учаскесінің жалпы ауданы 5,6 гектарды құрайды, құрылыс алаңы шамамен 38 мың шаршы метр. Оның ішінде 34 мың шаршы метр — аурухананың негізгі ғимараты, ал 4 мың шаршы метр — пансионат. Пансионат басқа аудандар мен облыстардан емделуге келетін пациенттерге арналған. Бұл оларға емделу кезеңінде жайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. 

Денсаулық сақтау саласымен қатар, өңірде білім беру инфрақұрылымын дамытуға да басымдық берілген. Жоғарыда аталған бес нысанның біреуі – дәл осы салаға тиесілі. Атап айтқанда, биыл Риддер қаласында жаңа білім ошағының құрылысы толық аяқталды.

Ерназ Мұқатаев, ШҚО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының м.а:

Риддер қаласында 600 орындық жаңа мектеп салынды. Тамыз айында пайдалануға берілсе, қыркүйекте білім басқармасының балансына өткізілді. Қазіргі таңда бұл білім ошағы толық жұмыс істеп тұр, балалар оқып жатыр. Құрылыс жұмыстары «Казцинк» ЖШС демеушілік көмегі есебінен жүзеге асырылды.  

Биыл іске қосылған бес әлеуметтік нысан облыс тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға айтарлықтай серпін бермек. Жауапты сала өкілдері мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта тұрғындардың сұранысын ескере отырып, жаңа жобалардың бағытын анықтап жатыр. Атап айтқанда, қазіргі таңда өңір аумағында дәрігерлік амбулаторияларға деген нақты қажеттілік зерттеліп, қай елді мекенге қандай әлеуметтік нысан қажет екені пысықталуда. Осылайша, аймақта инфрақұрылымдық маңызды жобалар алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жүзеге аса бермек.


Ариана Нұрлыбекқызы


Бөлісу