Онкологиялық аурулардың алдын алу
Қазан айы әлемде сүт безі обыры туралы ақпараттандыру айы ретінде аталып өтеді. Осыған орай Шығыс Қазақстан облысында әйелдерге консультациялық қабылдаулар ұйымдастырылып, бейінді мамандардың көшпелі жұмысы және ақпараттық-түсіндіру шаралары жүргізілуде. Негізгі мақсат – әйелдердің өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттырып, ауруды ерте анықтаудың маңыздылығына назар аударту.
2026 жылдың тоғыз айында өңірде сүт безі обырының 233 жаңа жағдайы тіркелген. Осы кезеңде 48 мың 489 әйел скринингтен өткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 мың 426 адамға көп. Тексеру нәтижесінде 89 жағдай анықталды. Оның 58 пайызында ауру бірінші сатысында диагностикаланған.
Айнаш Қапанова, Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
Бұл – сүт безі обыры туралы ақпараттандыру айы. Бастаманың негізгі мақсаты – әйелдердің өз денсаулығына, профилактикалық тексерулерден өтуіне және медициналық көмекке уақтылы жүгінудің маңыздылығына назар аудару. Шығыс Қазақстан облысында «Қызғылт қазан» айлығы аясында алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары мен облыстық онкология және хирургия орталығының мамандары консультациялар, профилактикалық тексерулер, көшпелі қабылдаулар және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Өңірде 109 тексеру кабинеті жұмыс істейді. Сүт безі обырын ерте анықтауға арналған скрининг 40 пен 76 жас аралығындағы әйелдерге екі жылда бір рет тегін жүргізіледі. Тексеруден өту үшін тіркелген емханаға жүгіну қажет.
Гүлмира Сағидуллина, Облыстық Көпсалалы онкология және хирургия орталығының директоры:
Бізде жоспар әзірленген. Соған сәйкес осы іс-шаралар өткізіліп жатыр. Негізгі бағыт – осы мәселеге назар аударту үшін акциялар ұйымдастыру. Одан кейінгі жоспарымызда қиын жағдайға тап болған әйелдерді қолдау орталығын қамту бар. Сонымен қатар білім беру ұйымдарына, әлеуметтік салаға, өнеркәсіптік кәсіпорындарға да шығып жатырмыз.
Егер скрининг нәтижесі қосымша тексеруді қажет етсе, пациент екінші кезеңдегі тексеруден өту үшін Шығыс Қазақстан облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығына жіберіледі. Мұнда көрсетілім бойынша қосымша маммография, ультрадыбыстық зерттеу және биопсия жасалып, онколог-маммологтың консультациясы жүргізіледі.
Инна Чертищева, Облыстық Көпсалалы онкология және хирургия орталығының онколог-маммолог дәрігері:
Ауруды ерте анықтаудың арқасында біз тек ағзаны сақтайтын операция жасап қана қоймай, онкопластикалық және реконструктивті-пластикалық операциялар жүргізе аламыз. Бұл әйелдің денсаулығын ғана емес, дене сұлулығын да сақтауға мүмкіндік береді. Мұның ауыр аурудан кейінгі оңалту кезінде, әсіресе психологиялық тұрғыдан маңызы зор. Сондай-ақ қатерлі ісік ерте, яғни бірінші сатысында анықталса, бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 95 пайызға жуықтайтынын айтқым келеді.
31 қазанда алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары мен Шығыс Қазақстан облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында бірыңғай Ашық есік күні өтеді. Әйелдер онколог-маммолог дәрігердің тегін кеңесін ала алады. Қабылдауға бару үшін жеке куәлік жеткілікті. Учаскелік дәрігердің жолдамасы қажет емес.
Бекарыс Энгельс