Негізгі Жаңалықтар Әжелер ансамблі 20 жылдық мерейтойын атап өтті

Әжелер ансамблі 20 жылдық мерейтойын атап өтті

Шығыс Қазақстандағы ұлттық өнер мен салт-дәстүрді дәріптеп жүрген «Ақниет» әжелер ансамблі биыл 20 жылдық мерейтойын атап өтті. Осы уақыт ішінде өнер ұжымы талай сахнада өнер көрсетіп, қазақтың әні мен дәстүрін кейінгі буынға насихаттап келеді. Мерейтойлық кеш Достық үйінде ұйымдастырылды.

Концерттің ашылуы шашу шашумен басталды. Ақ жаулықты әжелерді көрермен жылы ықыласпен қарсы алып, мерекелік кештің шымылдығы әнмен түрілді.

Равиль Юнусов, ШҚО Достық үйі-қоғамдық келісім орталығының басшысы:

Достық үйінде «Ақниет» шығармашылық ұжымының құрылғанына 20 жыл толуына арналған мерейтойлық шара өтіп жатыр. Бұл ұжым қазақтың салт-дәстүрін Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары мен қонақтарына насихаттауды мақсат еткен белсенділердің бастамасымен құрылған. «Ақниет» ансамбілі аймақта ғана емес, еліміздің өзге өңірлеріне, сондай-ақ шетелге де барып, қазақ халқының тарихы мен дәстүрін таныстырып келеді. Бұдан бөлек, мектептер мен колледждерге барып, жастарға қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын таныстырады.

«Ақниет» ансамблінің тарихы осыдан жиырма жылға жуық уақыт бұрын бастау алған. Осы жылдар ішінде өнер ұжымы қазақтың дәстүрлі әндерін орындап қана қоймай, ұлттық құндылықтарды көпшілікке танытып келеді. Ансамбль мүшелері түрлі мәдени шаралар мен мерекелік концерттерге тұрақты қатысады.

Клара Әлімғазықызы, қала тұрғыны:

Ақниет ансамбілінің мерейтойлық концертіне келіп отырмын. Жақсы басталды. Бұл ұжымды бұрынан танимын. Халықтың салт дәстүрін, мәдениетін дамытуға үлкен үлес қосып келе жатқан ұжым. Аналарымызға бүгінгі мерейтойымен құттықтай отыра, мықты денсаулық тілейміз. Әліде халыққа қызмет етіп жүре берсін. 

Мерейтойлық кеште ансамбль мүшелерінің еңбегі де ескерусіз қалмады. Достық үйінің басшылығы бірқатар өнерпаздарға алғыс хаттар табыстап, ұжымның мәдениет саласына қосқан үлесін атап өтті.

Әлия Әбілқайырова, «Ақниет» әжелер ансамблінің жетекшісі:

20 жыл болды. Біз қаншама жұмыстар жасадық. Қаншама еңбегіміз бар. Әр мектептерге, әр жерлерге барып, жұмыс істеп жүрдік. Әліде жұмыс істей береміз. Әжелерім бәрі сау, аман есен, әлі талай жұмыс атқарамыз. 

Майра Мурсалимова, «Ақниет» әжелер ансамблінің мүшесі:

Құрылған мақсаты сол артымыздағы ұрпаққа, келешекке осы біздің ізбасарымыз болып қалсын деп, сол мақсатта. Жастарымыз өнеге алсын. Кәртейіп тұрсақта атша шауып жүрміз. Репитицияға келміз. Өлеңімізді айтамыз. 

Раиса Рахметоллақызы, «Ақниет» әжелер ансамблінің мүшесі:

Ақниетке келгеніме 11-12 жылдай болды. Біздің ұжым үлкен адамдар. Мысалы біз 80-нен астық. Осы Ақниеттен күш аламыз, қуат аламыз. Бір бірімізбен өте жақсы қарым қатынастамыз, сыйлаймыз, құрметтейміз. Одан кейін бізді үйдегі балаларымыз да құрметтеп отырады. Әже деп шөбере, немере барлығы қолдап отырады. Сол қолдаудың, Алланың берген күшімен мінейкей осындай дәрежеге жеттік. 

Шара ән мен әуенге, ақ тілектер мен жылы лебіздерге ұласты. Кеш соңында «Ақниет» ансамблі көрерменнің қошеметіне бөленіп, жиырма жылдық шығармашылық жолын жаңа белестерге жалғауға ниетті екенін жеткізді.

Кәусар Идаятқызы

Бөлісу