Ветеринарлардың жалақысы өседі
Аймақта ветеринариялық қызметті жаңғырту жұмыстары қарқын алды. Биыл өңірде мал ауруларының алдын алуға, халық денсаулығын қорғау және жануарлардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 2,2 миллиард теңге қаржы бөлінген. Ал келер жылы сала мамандарының жалақысы өсіп, ауылдарда жаңа ветеринариялық пункттер ашылмақ. Толығырақ тілші бейнематериалында.
Өңірдегі эпизоотиялық ахуал - тұрақты бақылауда. Биыл облыста төрт түліктің жеті түрлі жұқпалы ауруына қарсы 4,1 миллион профилактикалық іс-шара жүргізіліп, 420 шаруашылық нысаны дезинфекцияланды. Әсіресе, бруцеллёзбен күрес күшейіп, соңғы бес жылда ауру деңгейі едәуір төмендеген. Саладағы тағы бір маңызды жаңалық - инфрақұрылымды жаңарту.
Рамиль Сағандықов, ШҚО Ветеринария басқармасының басшысы:
Келесі маңызды қадам – 2026-2027 жылдары инфрақұрылымды дамыту. Жалпы қаржыландыру көлемі 3,6 миллиард теңгеден асатын 131 ветеринариялық нысан салу жоспарланған. 2026 жылғы жоспарға 32 ветеринариялық пункт, үш аудандық ветеринариялық станция, сондай-ақ 25 мал қорымы мен биотермиялық шұңқыр кіреді. Қазіргі таңда нысандардың 70 пайыздан астамы пайдалануға дайын. Инвесторлар қажетті құжаттарды рәсімдеп жатыр. Қалған нысандардың құрылысын 25 қарашаға дейін аяқтау жоспарлануда.
Саланы цифрландыру да жүйелі жолға қойылған. Төрт түліктің есебін жүргізетін қосымшада жоспар 100,8 пайызға орындалған. Ал алдағы уақытта ет өнімдерінің қауіпсіздігіне талап күшеймек. Құрылтайда бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасына сай, сатуға арналған мал тек ветеринариялық-санитариялық сараптамасы бар арнайы пункттерде ғана сойылуы тиіс. Бұл өнімнің өндірістен тұтынушыға дейінгі сапасын толық бақылауға мүмкіндік береді.
Рамиль Сағандықов , ШҚО Ветеринария басқармасының басшысы:
Сонымен қатар ветеринариялық және цифрлық есеп те дамып келеді. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жүйесі — «ИСЖ Mobile» және «Tört Tülık» қолданылады. Tört Tülık бойынша белгіленген көрсеткіштердің орындалуы 100,8 пайызды құрады. Электрондық есеп жануар туралы, вакцинация, диагностика және оның қозғалысы жөніндегі мәліметтердің дұрыстығын қамтамасыз етіп, мамандардың жұмысын жеңілдетуі тиіс.
Басқарма алдағы 2027 жылға бес басым бағытты айқындап отыр. Олар: эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау, жаңа нысандарды толық іске қосу, мамандардың жалақысын көтеру, цифрлық есепті жетілдіру және инфекция көздерін жоюдың өңірлік стратегиясын әзірлеу. Мамандардың айтуынша, бұл қадамдар өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына серпін бермек.
Ариана Нұрлыбекқызы