Табиғат аясындағы демалыс
Аймақта туризм жақсы қарқын алып келеді. Өңірде табиғат аясында демалуға және таулы аймақтарды аралауға арналған бірнеше бағыт бар. Күз мезгілінде туристердің сұранысы орман ішіндегі серуендер мен квадротурларға артып отыр. Толығырақ тілші материалында.
Қаладан тыс жерде демалу үшін туристер табиғатқа жақын орналасқан нысандарды таңдайды. Глубокое ауданындағы демалыс орындарының біріне демалуға келетіндер қарасы көп. Мұнда қонақтарға табиғат аясында серуендеу, спортпен айналысу және экскурсиялық бағыттарға қатысу мүмкіндігі ұсынылады.
Анастасия Фроимчук, саябақ-қонақ үйдің негізін қалаушы:
Қазір адамдар тыныштықты, табиғат аясында демалуды көбірек қалайды. Күйбең тіршіліктен, күнделікті қарбаластан бір сәтке алыстағысы келеді. Сондықтан, табиғаттағы осындай демалыс түріне сұраныс бар.
Бұл аумақта демалушылар үшін бірнеше қызмет түрі қарастырылған. Белсенді демалысты қалайтындарға орман жолдарымен квадроциклмен жүру ұсынылады.
Надира Бахтығалиева, саяхатшы (Маңғыстау облысы):
Біз Ақтау қаласынан келдік. Өскеменге баруды көптен бері жоспарлап жүрген едік. Алғашында Катонқарағайға барғымыз келген. Бірақ ол жер алыстау болғандықтан, бізге «Заречье» туралы айтып берді. Мұнда өте қатты ұнады. Кеше квадротурға шықтық. Ол да керемет әсер қалдырды. Таудың шыңына дейін көтеріліп, табиғатты тамашаладық. Сондай әсер алдық, тіпті арамыздағы кейбір қыздар жылап жіберді. Қазақстанда осындай әсем табиғаттың бар екенін көріп, мәз болдық.
Квадротур бағытының бірнеше нұсқасы бар. Туристер жарты сағаттық, бір сағаттық немесе үш сағатқа созылатын маршруттардың бірін таңдай алады. Ұзақ сапар кезінде орман ішінде аялдап, демалуға мүмкіндік қарастырылған.
Роман Шевелёв, белсенді турлар бағытының жетекшісі:
Бізде әртүрлі ұзақтықтағы маршруттар бар. Сапар барысында орманда аялдап, тамақтанып алуға болады. Жол бойында бұлан, елік сияқты жабайы аңдарды кездестіріп қалуыңыз мүмкін. Тіпті, аюды да көріп қалуыңыз мүмкін. Бірақ, квадроциклдің дыбысынан аңдар әдетте қорқып, алыстап кетеді.
Мамандардың айтуынша, күзгі кезеңде табиғат аясындағы демалысқа сұраныс жоғары. Өңірдегі туристік нысандар маусымға қарай жаңа бағыттар мен қызмет түрлерін кеңейтуде. Шығыс Қазақстандағы күзгі туризм туралы толығырақ «ALTAI TRAVEL» бағдарламасынан 12 қазан, сағат 18:30-да көре аласыздар.
Бүгінде еліміздің барлық өңірінде туристік инфрақұрылым дамып келеді. Мысалы, Алматыда Көкжайлау шатқалында жыл бойы жұмыс істейтін жаңа тау курортын салу жобасы жүзеге асырылуда. Қыста мұнда тау шаңғысы спорты дамыса, жаз мезгілінде треккинг, таулы велотуризм және басқа да белсенді демалыс түрлері ұсынылады. Жоба аясында шамамен 60 шақырым тау шаңғысы жолы мен 11 аспалы жол салу жоспарланған. Курорт тәулігіне 10 мыңнан астам турист қабылдай алады.
Фатима Тілейханқызы