Негізгі Жаңалықтар Даналықтың дариясы – қариялар

Даналықтың дариясы – қариялар

Глубокое ауданына қарасты Абай атындағы мәдениет үйінде Қарттар күніне арналған «Даналықтың дариясы – қариялар» атты мерекелік шара өтті. Жиынға аудан ардагерлері, спорт саласының үздіктері мен ауыл қариялары қатысты.

Мерекелік шараның мақсаты – саналы ғұмырын ел дамуына арнаған аға буын өкілдеріне құрмет көрсету, олардың еңбегін кейінгі ұрпаққа үлгі ету. Шара барысында қонақтарға арналып ақ дастархан жайылды. Аудан жұрты бір-бірімен шүйіркелесіп, ізгі тілектерін жолдады.

Назира Акишева, Глубокое аудандық әжелер алқасының төрайымы:

Мен балабақша тәрбиешісі болып қызмет атқардым 39 жыл. Сондай санаулы ғұмырымда ұрпақ тәрбиесіне арнадым. Күршім ауданының тумасымын. Осы Глубокое кентіне келіп, зейнетке шығып, тұрғылықты тұрғын болып тұрып жатырмын. Аудан әкімшілігіне, аудандық мәслихат, ішкі саясатқа алғысымыз шексіз. Осындай жақсы мейрам ұйымдастырып жатқанына. 

Қарияларымыздың елге сіңірген еңбегі, өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесі – кейінгі буын үшін үлкен өнеге. Осы шара – аға буынға деген құрметтің бір көрінісі. Аудандық ардагерлер кеңесінің мәліметінше, бүгінде Глубокое ауданында қарттардың белсенді өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталған жұмыстар да жүргізілуде. Жақында іске қосылған Белсенді өмір сүру орталығы – зейнеткерлердің бос уақытын тиімді өткізіп, түрлі мәдени, танымдық және әлеуметтік шараларға қатысуына мүмкіндік береді.

Әділхан Забиров, Глубокое аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

105 адам шақырдық осы жерге. Концерт болады. Жұмысымызды істеп жатрымыз. Біздің қазақтың дәстүрін балаларға жеткізіп жүрміз. Военно-патриотический жұмыс істеп жатырмыз. 

Мерекелік шара барысында аудан әкімінің орынбасары ардагерлерді құттықтап, спорт саласының дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттады. Олардың қатарында көп жыл ұстаздық еткен дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері, жаттықтырушылар, спорт нұсқаушылары мен түрлі деңгейдегі жарыстардың жеңімпаздары бар.

Александр Проскурин, зейнеткер:

Жас кезімде Мәскеу облыстық дене шынықтыру институтын бітіріп, біраз жыл сонда еңбек еттім. Кейін туған жерім – Қазақстанға қайта оралдым. Мен спорттың бірнеше түрімен айналысамын. Футбол, волейбол, теннис те ұнайды. Қазір ұлттық спортқа да ерекше көңіл бөліп, асық атумен айналысамын. Бұл ойынды бала кезімнен ойнап өстім. Бүгінде сол дәстүрді жалғастырып, жастарға ұлттық ойындарды насихаттап жүрмін. 

Айкен Қабдуллина – зейнет жасына жеткенімен белсенді өмір салтынан қол үзген емес. Ұзақ жыл білім және мәдениет саласында еңбек еткен ол бүгінде өнер ұжымының белсенді мүшесі.

Айкен Қабдуллина, зейнеткер:

 «Асыл-Мұра» ансамблінде 18 жыл болды жұмыс істеп келе жатырмын. Құрамында 15 адам бар. Бәріміздің жемісті еңбегіміздің арқасында халықтық ансамблін алғанымызға бесінші жыл болды. Мен бастауыш мұғалімі болып 25 жыл жұмыс істедім. Алдында мәдениет саласында істедім. Сол мектептен зейнетке шығып, қолөнерден сабақ беріп, балалар шығармашылық үйінде 8 жыл жұмыс істедім. Тәрбие жұмыстарын жалғастырып келе жатырмын. 

Мерекелік кештің соңы концерттік бағдарламаға ұласты. 

Ардагерлерге ауданның шығармашылық ұжымдары мен өнерпаздары ән мен биден шашу шашып, жылы лебіздерін жеткізді. 

Фатима Тілейханқызы


Бөлісу