Негізгі Жаңалықтар Кітапханадағы жаңа мүмкіндік

Кітапханадағы жаңа мүмкіндік

Биыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы. Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – балалардың заманауи технологияларды ерте жастан меңгеруіне мүмкіндік жасау. Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №11 филиалында 3D-модельдеу және робототехника жобасы іске қосылды.

Жаңа жоба «Қазцинк» компаниясының қолдауымен жүзеге асты. Кітапханаға интерактивті тақта, 3D-принтер, мультфильм жасауға арналған жабдықтар, графикалық планшеттер мен LEGO жинақтары орнатылды.

Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:

Балалардың кітапхана туралы классикалық түсінігі қандай? Әдетте, бұл – кітап, қағаз кітап. Алайда бүгінгі жоба кітапхананың заман ағымынан қалмай, жаңа технологиялармен бірге дамып келе жатқанын көрсетеді. Бүгінгі таныстырылымға келген балалардың көптігі де цифрлық құрал-жабдықтардың олар үшін қаншалықты қызықты әрі өзекті екенін аңғартады. Оның көмегімен балалар 3D-модельдер жасап, түрлі сызбалар құрастыра алады. Робототехника мен цифрлық технологияларды меңгеріп, 3D форматында өз жобаларын басып шығарады, мультфильмдер жасайды. 

Енді мұнда 3D-модельдеу, 3D басып шығару, робототехника, мультфильм және компьютерлік дизайн бағыттары бойынша үйірмелер жұмыс істейді. Балалар өз идеяларын цифрлық форматта жүзеге асырып, үшөлшемді модельдер мен анимациялық фильмдер жасауды үйренеді.

Дарина Кулибаева, мектеп оқушысы:

Маған бұл техника өте ұнады, себебі өте жақсы жұмыс істейді. Мұнда бәрі керемет, адамдар да өте мейірімді. Мұнда жұмыс істеуге ыңғайлы, сурет салу да өте қызықты әрі жақсы шығады.

Жобаны жүзеге асыруға «Қазцинк» компаниясы 8 миллион теңгеден астам қаржы бөлген. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін де жағдай қарастырылған: кітапханада аудиокітап тыңдауға арналған арнайы бұрыш жабдықталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба балалардың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, олардың заманауи мамандықтарға қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Аяулым Усинова


Бөлісу