Негізгі Жаңалықтар Жас мәнерлеп сырғанаушылар бақ сынауда

Жас мәнерлеп сырғанаушылар бақ сынауда

Өскеменде мәнерлеп сырғанаудан жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтуде. Елдің әр өңірінен келген 90 астам спортшы өзара кім мықтыны анықтауда. Жарысқа 11 мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысуда.

Мұз үстіндегі әрбір қимыл – шеберлік пен төзімділіктің көрінісі. Жас спортшылар күрделі әдіс-тәсілдерді орындап, мұз үстіндегі әсем қимылымен көрермен көзайымына айналуға тырысады. Әр өнерпаздың дайындығы мен орындау мәнері төрешілер тарапынан бағаланады. Чемпионат аясында қатысушылар спорттық дәрежесіне қарай бірнеше санат бойынша сынға түсуде.

Татьяна Сосновская, ШҚО мәнерлеп сырғанау федерациясының жетекшісі:

Жарысқа Қазақстанның барлық облысынан ең мықты спортшылар жиналды. Олар үш дәрежеде өнер көрсетеді: бірінші спорттық санат, спорт шеберлігіне үміткерлер және спорт шеберлері. Сонымен қатар Бірінші, екінші және үшінші орын иелері техникалық бағалау мен бағдарламаның құрамдас бөліктері бойынша анықталады.

Жас мәнерлеп сырғанаушылар үшін бұл чемпионат – жүлделі орынға талас қана емес, спорттық шеберлігін шыңдайтын маңызды белес. Төрешілер мен көрермендер алдында өнер көрсету олардың дайындық деңгейін бағамдап, жарыста тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өз кемшіліктерін саралап, алдағы мақсаттарын айқындауға жол ашады.

Әмір Орал, Жарысқа қатысушы (Ақтөбе қаласы):

Ең алдымен, мұндай жарыстар өзіңді көрсетуге, қорқынышты жеңуге мүмкіндік береді. Осы уақытқа дейін үйренгеніңді көпшілікке көрсетіп, алдыңа жаңа мақсаттар қоясың. Сонымен қатар, әлі де нені меңгеру керектігін түсініп, қорытынды жасайсың.

Чемпионат қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен спортшылар Қазақстан Республикасының ұлттық құрама сапында өнер көрсетуге жолдама алады. Олар алдағы уақытта халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын болады.

Нұртас Қайролдаев


Бөлісу