Негізгі Жаңалықтар Азия ойындарының жүлдегерлері елге оралды

Азия ойындарының жүлдегерлері елге оралды

Облыс орталығындағы «Өскемен-1» теміржол вокзалында XX жазғы Азия ойындарының қола жүлдегерлері Екатерина Таранцева мен Александр Коробовты жақындары қарсы алды. Шығысқазақстандық спортшылар ескек есу слаломынан сынға түсіп, жүлделі орынға ие болды. Жарыстан оралған спортшыларды вокзалда туған-туыстары мен достары күтіп алып, жеңістерімен құттықтады.

Спортшыларды туған-туыстары, достары мен бапкерлері гүл шоқтарын ұсынып, құшақ жая қарсы алды. Жүлдегерлердің елге оралуын жақындары асыға күткен. Жапонияда өткен XX жазғы Азия ойындары өз мәресіне жетті. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы спорттың бірнеше түрінен сынға түсті. Екатерина Таранцева әйелдер арасындағы жекелей жүзуге арналған байдарка жарысында қола медаль иеленді. Отандасымыз 112,23 секунд нәтиже көрсетті. 

Екатерина Таранцева, XX жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері:

Бұл менің екінші Азия ойындарым. Өз нәтижемді тағы да растадым, ол кезде де үшінші орын алғанмын. Бірақ бұл жолғы қола медальды жеңіп алу әлдеқайда қиын болды, тіпті моральдық тұрғыдан да ауыр тиді. Сөреге шыққанда алтын үшін таласуға дайын едім. Алайда жарыс барысында бір келеңсіз жағдай болды. Трассаның ортасына келгенде бәрі жақсы болып, барлығы ойдағыдай өтіп жатыр деген оймен сәл босаңсып кеттім. Кішкентай ғана қателік жіберіп, соның салдарынан бірнеше секунд жоғалттым. Бұл мені үшінші орынға түсірді. Бәсекелестік өте жоғары болды. Көптеген спортшылар менен әлдеқайда ересек, тәжірибелері де мол. Дегенмен, біз өз позициямызды бермейміз. Алға ұмтылып, тынымсыз жаттыға береміз. Нәтижеме көңілім толады, өйткені бұл медальға жету үшін ұзақ уақыт еңбектендім. 

Қазақстан қоржынына тағы бір қола медальды Александр Коробов салды. Аичи және Нагоя қалаларында өткен жарыста спортшы ерлер арасындағы жекелей жүзуге арналған байдарка бәсекесінің финалына шығып, 94,48 секунд нәтижесімен үшінші орын иеленді.

Александр Коробов, XX жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері:

Сол жерде берген сұхбатымда менен осы жетістікті қалай сипаттайтынымды сұрады. Бірақ оны сөзбен жеткізе алмадым. Өйткені бұл – менің санатымдағы алғашқы медаль. Қазақстанда бұған дейін мұндай жетістік болмаған. Сондықтан сол кезде де не айтарымды білмедім, қазір де айтар сөзім көп емес. Бұл – таңғаларлық жағдай! 

Спортшылардың бұл жетістігінің артында күнделікті жаттығу мен бапкерлердің бірлескен еңбегі тұр. Екатерина Таранцева мен Александр Коробовты Ольга Королёва және Светлана Куликова жаттықтырған. Оларда шәкірттерінің өзге елде тұғыр төрінен көрінгендеріне дән риза екендіктерін жеткізді.

Ольга Королёва, Олимпиада даярлау орталығының жаттықтырушысы:

Дайындық жұмыстары өте күрделі әрі ауқымды болды. Штаттық құрама, Олимпиада даярлау орталығы және жеке бапкерлер бірлесіп жұмыс істеді. Яғни спортшылар елде жүрген кезде барлығымыз бірге әзірлеген бірыңғай бағдарлама бойынша дайындалды. Белгілі бір нәтижеге бағыт алып, сол мақсатқа қарай жұмыс істедік. Әрине, жағдайға келсек, бізде кәсіби ескек есу арнасы жоқ. Бірақ Риддерде таулы өзендеріміз бар. Соларды мүмкіндігінше тиімді пайдаланып жүрміз. 

Светлана Куликова, ҚР ескек есу слаломынан бас бапкері:

Жарысқа барлығы 11 ел қатысты. Бәсекелестік өте жоғары болды. Жігіттер осы жарыстарда өздерінің ең үздік мүмкіндіктерін көрсете білді. Жүлдегерлер қатарынан көрінгені қуантады. Біз бұған өте қуаныштымыз. 

Енді қысқа демалыстан кейін саңлақтарымыз жаттығу жұмыстарына қайта кіріседі. Алда жаңа жоспарлар мен жарыстар, сондай-ақ жоғары нәтижелер үшін тартыс күтіп тұр.

Нұрдәулет Қалибеков

Бөлісу