Жастарға экологиялық жауапкершілік насихатталды
Облыс орталығындағы «Jastar Community» кеңсесінде студенттер мен «Қоғамның экологиялық даму орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшілері кездесті. Жиында қоршаған ортаға ұқыпты қараудың күнделікті өмір салтына айналуы, сондай-ақ бұл бағытта жастардың атқаратын рөлі талқыланды.
Экологиялық мәдениет тек ауқымды акциялар кезінде қалыптаспайды. Ол қоршаған ортаның жай-күйі туралы білімнен және табиғатты қорғауға әр адамның дайын болуынан басталады. Сондықтан мұндай кездесулер студенттермен ашық пікір алмасып, маңызды мәселелерді талқылайтын алаңға айналып отыр.
Ясса Танир, «Қоғамның экологиялық даму орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
Негізінде, табиғаттың, осы әлемнің тазалығының, таза ауаның, таза судың қадірін көп адам түсініп, бағалай бермейді. Сондықтан жастардың бұл мәселе жөніндегі қаншалықты хабардар екенін анықтап, олардың назарын экологияға барынша аударуға тырысамыз. Өйткені бұл – баршамызға, жалпы елімізге және әсіресе болашақ ұрпаққа қатысты мәселе.
Кездесу барысында экологиялық жауапкершіліктің өмірдегі нақты мысалдары да сөз болды. Өңірде экологиялық бастамалар тұрақты түрде ұйымдастырылып, оларға жастар ұйымдары мен волонтерлер белсенді қатысады. Бұл – жауапкершілік туралы айтып қана қоймай, оны іс жүзінде көрсетуге мүмкіндік береді.
Берік Секенов, Өскемен қалалық жастар ресурстық орталығының маманы:
Жастар ресурстық орталығында волонтерлік фронт офис бар сол арқылы біз волонтерлармен «Таза Қазақстан» акциясында экологияны күтіуге, қамқор болуға тырысамыз. Мен белсенді жас ретінде бұндай кездесулерді қолдаймын.
Мұндай бастамалар жастарды нақты міндеттер төңірегінде біріктіріп, экологиялық мәселелерді қоғамдық өмірдің маңызды бөлігіне айналдыруға мүмкіндік береді. Кездесуге қатысушылардың айтуынша, өзгеріс ең алдымен әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады. Ал ортақ нәтиже – күнделікті жасалған қарапайым әрекеттердің жиынтығы.
Нұрдәулет Қалибеков