Жаңа цех ашылды
Алтай ауданында қиын жанатын фанера өндіру ісі жолға қойылды. Жобаны «Ғылым қоры» АҚ-ның гранттық қолдауымен «Фаворит» ЖШС жүзеге асыруда. Жаңа өндіріс орнында оттан қорғайтын және ылғалға төзімді қасиеттері бар, табиғи ағаш шпонымен қапталған фанера шығарылады. Серіктестік жұмысымен Алтай ауданының әкімі Еркын Тураров танысты.
Негізі 2001 жылы қаланған «Фаворит» ЖШС бүгінде өңірдегі ірі ағаш дайындау және ағаш өңдеу кәсіпорындарының бірі. Мұнда ағаш дайындаудан бастап, дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік цикл жолға қойылған. Фанера, ағаш материалдары және ағаштан жасалған өзге де бұйымдар Қазақстанда да, шетелде де сұранысқа ие. Бүгінде кәсіпорын өндірісті жаңғыртуды, жаңа технологияларды енгізуді және өнім түрлерін кеңейтуді жалғастыруда. Қазіргі кезде оттан қорғау және ылғалға төзімділік қасиеттері жоғары фанера өндіру ісін жолға қойды.
Сергей Огнёв, «Фаворит» ЖШС директоры:
Бұл материалды көбіне құрылыс саласы, адам көп жиналатын орындар, кафелер, көпқабатты үйлер мен тұрғын ғимараттардағы эвакуациялық шығу жолдарына қолданады. Бұл жабдықтардың барлығы тот баспайтын болаттан жасалған. Мысалы, автоклав толықтай автоматтандырылған. Барлық процесс автоматты режимде жүзеге асады. Ал кептіру прессі де тот баспайтын болаттан жасалған. Ол сіңдіру процесінен өткен плиталарды кептіруге арналған. Бұл жабдық та осы қаражатқа сатып алынған. Сонымен қатар, қаражатқа тегістеу желісі де сатып алынды.
Кәдімгі фанера құрылыс саласында, жиһаз өндірісінде және үй-жайларды әрлеу жұмыстарында кеңінен қолданылады. Алайда өрт қауіпсіздігі аса маңызды нысандарда құрылыс материалдарына қойылатын талаптар жоғары. Бұл мәселені «Фаворит» ЖШС арнайы өңдеудің арқасында шешті. Мәселен, қиын жанатын фанера оттың әсеріне төзімділігімен ерекшеленіп, жалынның таралуын баяулатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар материал өзінің беріктігі мен ылғалға төзімділік қасиеттерін сақтауы тиіс. Ол үшін арнайы сынақтар арқылы расталатын химиялық құрамдар мен технологиялық шешімдер қолданылады. Жобаны бизнес пен ғылымның өзара ынтымақтастығының арқасында жүзеге асыру мүмкін болды. «Ғылым қоры» АҚ ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру мақсатында «Фаворит» ЖШС-не өтеусіз негізде грант бөлді. Гранттық қаржыландыру көлемі 341 миллион теңгеден асты. Қажетті қаражаттың қалған бөлігін кәсіпорынның өзі инвестициялайды. Мұндай әріптестік ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуге және жаңа тұтынушылық қасиеттері бар отандық өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Досжан Әкәлім, жоба жетекшісі:
Біз бұл жобаны «Фаворит» компаниясымен және Ғылым қорымен бірлесіп жүзеге асырып жатырмыз. «Фаворит» компаниясын таңдауымыздың бірнеше себеп бар. Біріншіден, бұл компания фанера өндіреді. Екіншіден, жобаны іске асыруға қажетті кадрлық әлеуеті мен тәжірибесі бар. Сондықтан бұл жобаны жүзеге асыру үшін «Фаворит» қолайлы серіктес болып табылады. Біз әзірлеген антипирен технологиясы жаңа химиялық формулаға негізделген. Соған сәйкес, технологияның өзі де жаңадан әзірленіп, өндіріске енгізіліп жатыр.
Бүгінде «Фаворит» ЖШС өнімдері Қазақстанның ішкі нарығына жеткізіліп, шетелге де экспортталады. Кәсіпорын Зубовск ауылының тұрғындарын жұмыспен қамтып, Алтай ауданының экономикалық дамуына үлес қосып келеді. Қиын жанатын фанера өндірісінің іске қосылуы компанияға өнім түрлерін кеңейтуге мүмкіндік берді.
Салтанат Кеңесбекқызы