Негізгі Жаңалықтар Еңбек құқықтарының сақталуы бақылауда

Еңбек құқықтарының сақталуы бақылауда

Шығыс Қазақстан облысында еңбек құқықтарының сақталуы мен өндірістік қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында еңбек инспекциясы жұмысының тоғыз айдағы қорытындысы жарияланды. Мамандар заң бұзушылықтарды анықтау, жалақы берешегін өндіру және жұмыс орындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

Шығыс Қазақстан облысында тоғыз айда еңбек заңнамасының 456 бұзушылығы анықталды. Еңбек инспекторлары 350 тексеру жүргізіп, заң талаптарын бұзғандарға жалпы сомасы 19,6 миллион теңге айыппұл салды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің ШҚО бойынша департамент басшысы мәлімдеді.

Бақытбек Қизатов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің ШҚО бойынша департамент басшысы:

9 айда бізге жеке және заңды тұлғалардан 2122 арыз шағым келіп түсті. Былтыр 1227 болатын. Соның ішінде еңбек қатынастары бойынша 2032, еңбек қауіпсіздігі , еңбекті қорғау мәселелері бойынша 85, халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша 5. 

Өңірде өндірістік қауіпсіздік мәселесі де өзекті. Тоғыз айда 74 жазатайым оқиға тіркеліп, 94 адам зардап шекті. Оның 9-ы қаза тауып, 46-сы ауыр жарақат алған. Ал жалақы берешегін өтеу нәтижесінде 964 жұмыскердің құқығы қорғалды. Оларға 293 миллион теңгеден астам қаражат төленді. 

Бақытбек Қизатов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің ШҚО бойынша департамент басшысы:

Жазатайым оқиғалар бойынша еңбек испекторлары міндетті түрде 70 арнайы тексеріс жүргізді. Бұл текстерісті жүргізген кезде біз комиссиямен жүргіземіз.Бұл комиссияның құрамына жұмыс беруші, және жұмысшылардың өкілдері кіреді,еңбек инспекторлары, және басқа да мемлекеттік органдар оған бірге қатысып, сондай арнайы 70 тергеп тексеру жүргізіп, нәтижесінде 110 лауазымды тұлға тәртіптік жауапқа тартылды, 20 қызметкер жұмыстан босатылды, екі лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 

Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қызметкерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Тоғыз айда облыстағы 280 кәсіпорын жоғары тәуекел аймағынан шығарылды. Мамандар еңбек заңнамасын сақтау мен өндірістегі қауіпсіздік талаптарын орындаудың маңызын атап өтті.

Бекарыс Әмірбек

Бөлісу