«ALTAI» телеарнасына жаңа басшы тағайындалды
«ALTAI» телеарнасының директоры болып бұған дейін «QAZAQSTAN» телеарнасының меншікті тілшісі қызметін атқарған белгілі журналист Олжас Керейхан тағайындалды. Жаңа басшыны ұжымға «Қазақстан» телерадиокорпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Еркін Таңатқанұлы Мұхамеджанов таныстырды.
«ALTAI» телеарнасының жаңа директоры болып Олжас Керейхан тағайындалды. Ол әр жылдары «QAZAQSTAN» телеарнасында редактор және меншікті тілші қызметтерін атқарған. Жаңа басшының алдына бірқатар міндет қойылды. Басым бағыттардың қатарында жаңа шығармашылық жобаларды жүзеге асыру, телебағдарламалар өндірісіне заманауи тәсілдерді енгізу және телеарнаның өңірлік ақпарат кеңістігіндегі орнын нығайту бар. Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев та қатысты. Ол Берік Көшербаевтың телеарнаның дамуына қосқан үлесін атап өтіп, алдағы кәсіби қызметіне табыс тіледі. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың атынан Берік Көшербаев Алғыс хатпен марапатталды. Ал Олжас Керейханға жаңа қызметке тағайындалуына орай құттықтау хат табысталды. Ұжыммен кездесу барысында Еркін Мұхамеджанов Берік Көшербаевқа телеарнаның дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Оның «Қазақстан» телерадиокорпорациясындағы еңбек жолы 2003 жылы телеоператор қызметінен басталған. Ал 2023 жылы «ALTAI» телеарнасының директоры болып тағайындалды. Берік Көшербаевтың басшылық еткен кезеңінде жаңа телевизиялық жобалар іске қосылып, ұжымда журналистердің жаңа буыны қалыптасты. Олар облыстық және республикалық кәсіби байқауларда бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар телеарна журналистері үш рет шетелге шығармашылық іссапармен барды. Соңғы жылдары телеарнаның материалдық-техникалық базасы да айтарлықтай жаңартылды. Автокөлік паркі бес жаңа көлікпен толықты. №1 аппараттық-студиялық блокқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті жабдықтар сатып алынды. Сондай-ақ эфирлік хабар таратуға арналған жаңа сервер, жылжымалы шағын телевизиялық станция және дизельді генератор алынды. Бүгін Берік Тойболдыұлы әріптестерімен кездесіп, бірлескен жұмыстары үшін ұжымға алғыс айтты. Ол алдағы уақытта «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Өндірістік орталығының директоры қызметінде жұмысын жалғастырады.