Жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды
Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданындағы Веселовка ауылында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды. Бұл – республика бойынша 292-ші, ал өңірдегі 19-шы нысан. Салтанатты рәсімге ҚР Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов, облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов және жергілікті тұрғындар қатысты.
Жаңа бекет Веселовка, Предгорное, Заречное және Перевальное ауылдарындағы 5 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді. Нысанның ашылуы шалғай елді мекендерде төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Салтанатты жиында облыс әкімі ауылдық аумақтардағы қауіпсіздік мәселесіне тоқталды.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Жаңа бекет тұрғындардың қауіпсіздігін арттырып, ТЖ болған кезде жедел әрекет етуге. Бастысы адам өмірін және қоршаған ортаны сақтауға шығынның алдын алуға мүмкіндік береді.
Мұрат Мұханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
Осы қарқынды біз тоқтатпаймыз. Оны ары қарай жалғастыратын боламыз. Веселовка ауылының қауіпсіздігі жаңа бекетпен және құрал жабдықтармен толығып отыр. 27/7 кезекшілігін атқаратын болады. Еліміз аман болсын, халықтың игілігіне жасай берсін. Құтты болсын. Рахмет.
Бекет өрт сөндіру техникасымен және қажетті құрал-жабдықтармен жасақталған. Мұнда мамандардың тәулік бойы кезекшілік атқаруына жағдай жасалған. Бұл өртті бастапқы кезеңде ауыздықтап, оның кең таралу қаупін азайтуға көмектеседі.
Аманжол Қизатов, ШҚО ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі басқармасы бастығының м.а.:
Бұл бекет веселовка кентіне қарасты 5 ауылды мекенді және 5 мыңға жуық адамды қорғайды. Бекетте 1 техника және 4 адам қызмет атқаратын болады. Ғимарат заманауи талаптарға сәйкес қызмет атқаруға дайын.
Ауыл тұрғындары үшін қауіпсіздік қызметінің жақын жерде орналасуы маңызды. Өрт немесе басқа да төтенше жағдай туындаса, көмекке жету мүмкіндігі артады. Жергілікті жұрт жаңа бекет ауыл өміріне оң өзгеріс әкеледі деп үміттенеді.
Салтанат Есенгулова, Веселовка ауылының тұрғыны:
Ауылымызда өрт сөндіру пункті ашылып отыр. Бұл ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы үлкен қадам. Осы игі іске ат салысқан бүкіл азаматтар мен азаматшаларға алғысымызды білдіреміз. Жаңа пункт ауылымызға қызмет етіп, тек жақсылыққа себеп болсын.
«Ауыл құтқарушылары» жобасы шалғай елді мекендердің төтенше жағдайларға дайындығын күшейтуге бағытталған. Шығыс Қазақстанда бағдарлама бойынша ашылған 19 бекет ауыл тұрғындарының өмірі мен мүлкін қорғауға қызмет етеді.