Негізгі Жаңалықтар «Шығыс салбурын-2026» фестивалі өтті

«Шығыс салбурын-2026» фестивалі өтті

Ұлан ауданында «Шығыс салбурын-2026» бүркітшілер фестивалі өтті. Биыл алтыншы рет ұйымдастырылған мәдени әрі этноспорттық шараға 10 мемлекеттің құсбегілері қатысты. Екі күн қатар өткен фестивальде тақымы тастай жігіттер асау үйретсе, саятшылар тазыларын аңға қосты.

Бүркіт төбенің басында 176 құсбегі қырандарын қомдап, томағасын сыпырып, аңға салды. Биыл бүркіттердің көбі бабында екен. Дайындықтары да жоғары деңгейде. Өйткені, бұл бәсекенің жөні бөлек. Себебі, мұнда алғаш рет I Азия кубогы өтті.

Моңғолияның Баян-Өлгий аймағынан келген Ербол Мұңғылхан жарты ғасырдан бері саятшылықпен айналысады. Жасы жетпісте. Құсбегілік - жеті атасынан жалғасқан ата кәсіп. Ал, үстіндегі ішігі сегіз қасқырдың терісінен тігілген. 

Ербол Мұңғылхан, құсбегі (Моңғолия):

Моңғолияның жері салқын, суық болады ғой. Сондықтан мынау ыстық болатын нәрсе. Содан осы қасқырдың терісінен киім киеді. Бізде Баян-Өлгийде осындай тойлар болады. Бірақ мынаның артықшылығы бар екен. Қанша дегенмен дамыған ел. Дайындығы, мәдениеті, табиғаты бәрі өте көркем.

Биылғы Салбурында қырандардың бабымен қатар, құсбегілердің киім үлгісіне ерекше мән берілді. Әр елдің қатысушылары өз мәдениетінің ерекшелігін көрсетті. Әсіресе, Түркиядан келген бүркітшінің киімі көпшіліктің назарын аударды.

Недим Мутлу, құсбегі (Түркия):

Қазақстанға төртінші рет келдім. Бұдан бұрын Астана, Павлодар, Қарағанды, Алматы, Түркістан, Үржар қалаларында болдым. Тауларында құс шақырып, құс салдым. Қазақстанда болғаным үшін өте қуаныштымын. Бұл шараны жарыс көрмеймін. Мен үшін бұл жер достарыммен, ағайындарыммен үлкен кездесу жері.

Алты жыл бұрын аудандық деңгейде өткен фестивальдің жыл санап дәрежесі өсті. Жиналған жұрт елуден аса тігілген киіз үйдің маңын ән мен күйге бөлеп, салт-дәстүрге қанықты.

Арман Бекбосынов, Ұлан ауданының әкімі:

Осы деңгейге жетіп отырғанымыз бүкіл облыстың күшімен. Облыс басшылығы, демеушілердің арқасы, аудан тұрғындары бар. Барлықтарыңызға рақмет білдіреміз.

Сайыс қорытындысында жамбылдық Серікболсын Жалғасұлының бүркіті бірінші орын алды. Ал, екінші орынды астаналық Ерасыл Серікбекұлы, үшінші орынды алматылық ару Аяжан Даниярқызы иеленді. Жарысқа қатысқандардың барлығына сый-сыяпат көрсетілді.

Бекарыс Секен


Бөлісу