Критикалық материалдар институты ашылды
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Критикалық материалдар және тұрақты металлургия институтының ресми ашылу рәсімі өтті. Сонымен қатар институттың жаңа ғимаратының құрылысына бастау берілді. Салтанатты шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері және Бельгиядан келген делегация қатысты.
Институттың құрылуы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі жанынан сирек және сирек жер металдары орталығын қалыптастырудың маңызды кезеңдерінің бірі болды. Жаңа ғылыми алаң зерттеу жұмыстарын, университеттің білім беру мүмкіндіктерін және өнеркәсіп саласының қажеттіліктерін біріктіреді. Бұл жұмыстар Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің Сирек және сирек жер металдары орталығын 2026 жылғы 1 қарашаға дейін іске қосу жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүргізілуде.
Питер Том Джонс, Лёвен католик университеті жанындағы Экологиялық таза металдар мен минералдар институтының директоры:
Біз мұнда критикалық материалдар саласындағы технологияларды бірлесіп дамыту үшін келдік. Қазақстан – критикалық шикізат қоры жағынан әлемдегі маңызды өңірлердің бірі. Бельгия атынан айтарым: біз бұл бағытты тиімді дамыту үшін Қазақстанмен бір команда болып жұмыс істеуге ұмтыламыз.
Зерттеу жұмыстары төрт негізгі бағыт бойынша жүргізіледі. Олар – критикалық материалдарды, сирек және сирек жер металдарын зерттеу, тұрақты металлургияны дамыту және техногендік қалдықтарды қайта өңдеу. Сонымен қатар мамандар озық материалдарды әзірлеумен, өндірістік технологияларды жетілдірумен және тау-кен металлургия кешенін цифрландырумен айналысады. Зерттеу барысында жасанды интеллект пен математикалық модельдеу әдістерін қолдану жоспарланған.Жобаның басталуына орай институттың жаңа ғимаратының іргетасына капсула салу рәсімі өтті.
Ернат Қожахметов – «Veritas» озық даму орталығының жетекшісі:
Сирек жер металдары алдыңғы қатарға шығып отыр.Шығыс Қазақстанда сирек жер металдары бұрыннан бар. Алайда экономикалық тұрғыдан тиімсіз болғандықтан, бұған дейін бұл сала басым бағыттардың қатарына қосылмады. Дегенмен, технологиялық прогресс бір орында тұрған жоқ. Қазір Қазақстанның әлеуеті зор. Мемлекет басшысы атап өткендей, Еуропалық одақтың тізіміне енген 34 критикалық материалдың 21-і Қазақстан аумағында кездеседі.
Зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін университет мегагрант аясында заманауи зертханалық жабдықтар сатып алды. Оларды институттың бірыңғай ғылыми кеңістігіне шоғырландыру жоспарланып отыр. Бұл қолданбалы зерттеулердің мүмкіндіктерін кеңейтіп, тау-кен металлургия саласына арналған технологиялық шешімдерді әзірлеуге жол ашады.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Ғылыми әзірлемелеріміз іс жүзінде қолданылып, өнеркәсіптік өндірістің қажеттіліктеріне сай болуы керек.2025 жылдың қорытындысы бойынша ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге 12 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 11 пайызға көп. Осы көрсеткіш бойынша облыс республикада бесінші орында. Бүгінде ең бастысы – ғылыми әзірлемелерімізді іс жүзінде қолданып, өнеркәсіптік өндірістің қажеттіліктеріне сай дамыту.
Жоба халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді. Қазақстан мен Бельгияның ғылыми-білім беру ұйымдары арасындағы байланысты нығайту аясында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен KU Leuven университетінің Тұрақты металдар мен минералдар институты арасында бірлескен ғылыми-білім беру орталығын құру мәселесі қарастырылуда.Мұндай әріптестік озық ғылыми тәжірибе алмасуға, бірлескен зерттеулер жүргізуге және өңірге халықаралық ғылыми құзыреттерді тартуға жол ашады.
Сәуле Рахметуллина, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры:
Бұл – бірлескен жұмысымыздың нәтижесі. Бұл – ғылым мен өнеркәсіптің өзара ынтымақтастығы.Кеше университетіміз үшін тағы бір маңызды оқиға болды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бельгия Королі Филипптің қатысуымен өткен Бельгияның Қазақстандағы корольдік миссиясы аясында сөз сөйлеу құрметіне ие болдым. Біз критикалық материалдар саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өз көзқарасымызды таныстырдық.
Институттың құрылуы ғылым, білім және өнеркәсіп арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. Жаңа ғылыми алаң бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыруға, халықаралық ғылыми тәжірибені тартуға, сондай-ақ инженерлік және ғылыми кадрларды даярлауға ықпал етеді деп күтілуде.Алдағы уақытта институт құрылып жатқан Сирек және сирек жер металдары орталығының негізгі құрамдас бөліктерінің біріне айналып, Шығыс Қазақстан облысында жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға арналған шешімдерді әзірлейді.
Бекарыс Әмірбек