«Күй анасы – Дина»
Қазақтың күй өнері – ұлттың тарихы мен тағдырын, арман-мұратын домбыраның қос ішегіне сыйдырған асыл мұра. Өскеменде ұлы күйші-композитор Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған «Күй анасы – Дина» атты концерттік бағдарлама өтті. Өнер кешінде Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі мен жеке орындаушылар күйшінің өлмес мұрасын ұлықтады.
Дина Нұрпейісова – қазақтың күй өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған бірегей тұлға. Оның шығармаларынан халықтың қуанышы мен мұңы, өмірге деген құштарлығы мен қайсар рухы сезіледі. Күй анасының мол мұрасы бүгінгі ұрпаққа рухани қазына болып отыр.
Шалқар Ырысханұлы – Байжігіт атындағы оркестрдің бас дирижері:
Күй мұрасы – ел мұрасы дейтін болсақ, өткен тарихымызды зерделейтін Дина апамыздың күйшілік өнері арқылы халқымыздың тарихына, өткеніне көз жүгіртуге мүмкіндік туады. Және рухани үлкен демалыс алатын шара болады деп ойлаймын.
Концерт барысында Динаның «Тойбастар», «16 жыл», «Сегізінші март», «Қара қасқа ат», «Еңбек ері», «Сауыншы», «Бұлбұл», «Әсем қоңыр», «Домалатпай» және «Науысқы» сынды күйлері орындалды. Сонымен қатар Құрманғазының «Төремұрат», «Сарыарқа» және Айтқали Жайымовтың «Күй ана» шығармалары да көрермен назарына ұсынылды.
Дина Нұрпейісованың күйлері – қазақтың дәстүрлі музыка өнеріндегі шоқтығы биік туындылар. Әр шығармасында халықтың тыныс-тіршілігі, заманның үні мен адам жанының терең сезімдері көрініс тапқан. Концертте орындалған күйлер көрерменді ұлттық өнердің қайнар бұлағына жетеледі.
Расул Бурахан, республикалық байқаулардың лауреаты:
Соның ішінде өзім орындайтын 8 март күйі. Әйелдер образы. Халықаралық әйелдер күніне арналған Дина апамыздың тартуы болатын. Сол күйді орындамақпын.
Ұлттық өнерді ұлықтаған кеш көрерменге ерекше әсер сыйлады. Домбыраның қос ішегінен төгілген күй сазы ұрпақтар сабақтастығын жалғап, қазақтың бай музыкалық мұрасын дәріптеді. Дина Нұрпейісованың шығармалары уақыт өткен сайын жаңғырып, ұлттық өнердің алтын қорында сақтала бермек.
Аяулым Усинова