Қар жауып, қарбалас басталды
Облыста жауған қар жол қозғалысын қиындатты. Аймақтық маңызы бар бір жол учаскесінде көлік қозғалысы толық тоқтатылған. Ал республикалық және өңірлік маңызы бар тағы төрт учаскеде қозғалысқа шектеу қойылған. Осы уақытта жүргізушілер қысқы маусымға дайындалып, жазғы дөңгелектерін қысқысына ауыстырып жатыр.
Қар жауғаннан кейін Өскеменнің коммуналдық қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Жолдарды тазалап, көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы техника әзірленген. Төтенше жағдайлар департаменті ауа райының қолайсыздығы жолдағы ахуалды күрт өзгертуі мүмкін екенін ескертеді. Мамандар жүргізушілерге жедел қызметтердің ескертулерін ескеріп, қозғалысқа жабылған жолдарға шықпауға кеңес береді.
Марина Лискова, ШҚО ТЖД баспасөз хатшысы:
Шығыс Қазақстан облысында қар, жел және көктайғаққа байланысты дауылды ескерту күшінде. Азаматтарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамыз. Жол қозғалысы жабылған учаскелерге ешқандай жағдайда шықпауды сұраймыз. Көліктеріңізді қысқы кезеңге алдын ала дайындап, жазғы дөңгелектерді қысқысына ауыстырыңыздар. Жолға шығарда жанар-жағармай қорының жеткілікті болуын қамтамасыз етіңіздер. Сонымен қатар, өздеріңізбен бірге жылы киім, сүйреткіш арқан және күрек алып жүру қажет.
Полиция қызметкерлері де жүргізушілерді жолда сақ болуға шақырады. Жаңбыр аралас қар мен көктайғақ, әсіресе, бұрылыстарда және тежелу кезінде қауіп төндіреді. Сондықтан жылдамдық режимін сақтап, көліктер арасындағы арақашықтықты ұлғайту маңызды.
Алмас Қарашов, Өскемен қаласы ПБ патрульдік полиция қызметінің аға инспекторы:
Өскемен қаласының тұрғындары мен қонақтарын ауа райының қолайсыздығына, жаңбыр аралас қар мен көктайғаққа байланысты қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция қызметі жолда барынша сақ болуға шақырады. Жүргізушілерден жылдамдық режимін сақтап, көлік құралдары арасындағы арақашықтықты ұлғайтуды, күрт маневр жасаудан және кенет тежелуден аулақ болуды сұраймыз. Жолда жүргенде аса сақ болыңыздар.
Ал шиналарды ауыстыру орындарында маусымдық жұмыс қыза түсті. Алғашқы суық түскен кезде бұл қызметке сұраныс қаншалықты артатынын мамандардан білдік.
Арыс Адал, дөңгелек жөндеу шебері:
Кеше түнде жұмысты бастадық. Таңғы сағат беске дейін жұмыс істедік. Содан кейін таңғы сағат 8:30-да қайта кірістік. Қазір барлық көліктің дөңгелектері қысқысына ауыстырылып жатыр. Әр көлікке жұмсалатын уақыт жұмыстың күрделілігіне байланысты әртүрлі. Кейбір көліктерге 30–40 минут кетсе, басқаларына бір сағатқа дейін уақыт қажет.
Көлікті қысқы маусымға уақытылы дайындау жолдағы қауіп-қатерді азайтуға көмектеседі. Дегенмен қысқы дөңгелектердің өзі көктайғақ пен қарлы күндері толық қауіпсіздікке кепіл болмайды. Сондықтан жүргізушілер ауа райын ескеріп, жылдамдықты жол жағдайына сай таңдап, көліктер арасындағы қауіпсіз арақашықтықты сақтауы керек.
Бекарыс Энгельс