Шығыс пен Батыс – өзара құрмет кеңістігі
Өскеменде «Шығыс пен Батыс: өзара құрмет кеңістігі» әлеуметтік жобасы аясында ғылыми семинар өтті. Қатысушылар тілдік және этностық кемсітушіліктің алдын алу, әлеуметтік желілердегі өшпенділік тіліне қарсы іс-қимыл және этносаралық келісімді нығайту мәселелерін талқылады. Толығырақ тілшіміздің материалында.
Семинарды Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен «Өзекті саясат институты» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Кездесуге оқу орындарының студенттері шақырылды.
Қазбек Майгелдинов, «Өзекті саясат институты» қоғамдық қоры директорының орынбасары:
Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде, пост, репост қандай да бір бейнеролик қандай да бір тұрмыстық қақтығыстан ұлтаралық қақтығысқа ұласып кету қаупі өте жоғары болып тұр. Әсіресе ҚР-ның Қылмыстық Кодексінің 174-бабы бойынша ұлтараздық бойынша нақты жайттар болып жатқаны анық.
Іс-шараға «Халық кеңесі» Президиумының мүшелері, «Өзекті саясат институты» қоғамдық қорының директоры, саясаттанушылар, сондай-ақ азаматтық қоғам өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Еламан Елемес, саясаттанушы:
Біріншіден фактчекинг болу керек. Кез-келген әлеуметтік желідегі ақпаратты жастар тексеру керек. Ақпаратқа қатысты ақпараттық иммунитет қалыптастыру маңызды. Себебі әлеуметтік желіде айтылғанның бәрі шындыққа жанаспауы мүмкін.
Кездесуде қоғамдық келісімді нығайтудағы жастардың рөліне ерекше назар аударылды. Қатысушылар өзге адамдардың көзқарасы мен мәдениетін құрметтеудің маңыздылығын, сондай-ақ этносаралық татулық пен өзара түсіністікті сақтауға әр адамның қалай үлес қоса алатынын талқылады.
Серікжан Ержанов, Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының сарапшы маманы:
Өзіме негізі керек ақпараттарды ала білдім. Себебі бізде Достық үйі қоғамдық келісім орталығында әр түрлі ұлт өкілдерімен жұмыс жасағаннан кейін тақырып төңірегіндегі ақпараттар керек деп ойлаймын.
Кездесу соңында қатысушыларға әлеуметтік сауалнамаға қатысу ұсынылды. Шығыс Қазақстан облысы – бұл жоба жүзеге асырылып жатқан алғашқы өңір. Алдағы уақытта ұйымдастырушылар Абай облысына барып, одан кейін Батыс Қазақстан өңірлерінде жұмысты жалғастыруды жоспарлап отыр.
Аяулым Усинова