Негізгі Жаңалықтар «Таза Қазақстан» акциясы аясында кездесу өтті

«Таза Қазақстан» акциясы аясында кездесу өтті

Өскеменде жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға арналған кездесу өтті. Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған шара «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында жүзеге асты. Қатысушылар қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды үнемдеу және экологиялық жобаларды дамыту мәселелерін талқылады.

Табиғатты қорғау – әр азаматтың ортақ міндеті. Алайда қоршаған ортаға жанашырлық таныту үшін ауқымды жобаларды жүзеге асыру міндетті емес. Күнделікті тұрмыста тазалық сақтау, қоқысты сұрыптау, табиғи ресурстарды үнемдеу де маңызды. Облыстық А. С. Пушкин атындағы кітапханада бас қосқан жастар осы бағыттағы бастамалармен танысып, өз ұсыныстарын ортаға салды.

Ясса Танир, «Қоғамның экологиялық даму орталығы» ҚБ басшысы:

Бұл мәселе ең алдымен қоғамнан, отбасынан басталады. Өйткені біз бала кезімізден бастап ата-анамызға қарап, өмірде не істеу керектігін, өзін қалай ұстауды үйренеміз. Сондықтан бәрі әр адамның өзінен басталады. Себебі бізді қоршаған бүкіл әлем – өз қолымызбен қалыптастырып отырған ортамыз. Адамдар табиғатты өзгертіп, оны жаңғыртуды да, өкінішке қарай, бүлдіруді де үйренді. Сондықтан әрбір адамға, тіпті балаға дейін, осы ойды жеткізуіміз керек: болашағыңның қандай болатыны бүгінгі табиғатқа деген көзқарасыңа тікелей байланысты. Табиғатты аялауымыз қажет. 

Кездесуде өңіріндегі экологиялық мәселелерге ерекше назар аударылды. Қоғамдық бірлестік басшысы Ясса Танир табиғатты қорғауға бағытталған жобалар мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ жастардың экологиялық бастамаларға қатысу мүмкіндіктерін түсіндірді. Мамандардың айтуынша, пайдалы істі бастау үшін қомақты қаражат қажет емес. Ең бастысы – нақты идея мен оны жүзеге асыруға деген ынта.

Элина Бузуртанова, эковолонтер:

Шығыс Қазақстан – өзіндік ерекшелігі бар, табиғаты қайталанбас өлке. Мұнда еш жерде кездеспейтін ғажайып мекендер мен баға жетпес табиғи қазыналар бар. Әрине, біз осы бірегей табиғатымызды бастапқы қалпында сақтап, оның сұлулығын келер ұрпаққа аманат етіп жеткізуіміз керек.

Республика күні қарсаңында өткен кездесу елге деген сүйіспеншілік туған жердің табиғатына жанашырлық танытудан басталатынын көрсетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қоршаған ортаны қорғау тек мамандардың ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі. Ал күнделікті қалыптасқан қарапайым экологиялық әдеттер таза әрі жайлы орта құруға негіз болмақ.

Аяулым Усинова


Бөлісу