Негізгі Жаңалықтар Әлеуметтік сала мамандары марапатталды

Әлеуметтік сала мамандары марапатталды

Өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек қолын созып, қолдау көрсету – әлеуметтік сала мамандарының басты міндеті. Өскеменде Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара өтті. Жиынға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, сала мамандарын марапаттады.

Салтанатты жиында өз ісіне адалдығымен және кәсіби біліктілігімен ерекшеленген мамандар марапатталды. Оларға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің наградалары, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, сонымен қатар облыс әкімінің алғыс хаттары табысталды. Бұдан бөлек, үздік нәтиже көрсеткен мекемелер де марапатқа ие болды.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Әлеуметтік қорғау саласындағы жұмыстың басты нәтижесі – халықтың сенімі мен ризашылығы. Сондықтан, азаматтардың әл-ауқаттын арттыруға, әлеуметтік қолдаудың тиімділігін қамтамасыз етуге арналған жұмыстарды кешенді әрі жүйелі түрде жалғастыратын боламыз. Осы жауапты салаға қосқан үлес, адал еңбектеріңізді жоғары бағалай отырып, баршаңызға шынайы алғысымызды білдіреміз. 

Елде әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі 2011 жылдан бастап ресми түрде аталып өтеді. Бүгінде өңірде әлеуметтік қорғау жүйесінде 3 мыңнан астам адам еңбек етеді. Оның 700-ден астамы – әлеуметтік қызметкерлер. Олар күн сайын тұрғындарға қолдау көрсетіп, әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысып келеді.

Бұлбұл Құсманова, «Еңбек ардагері» төсбелгісінің иегері:

Үш ай бұрын облыс әкімнің қолынан «Құрмет» грамотасын алсам, бүгін еңбегімді бағалап, министрліктен үлкен марапат келіп жатыр. Қуаныштымын. Еңбегім еленгеніне өте ризамын. 

Бұдан бөлек, үздік әлеуметтік тәжірибе мен инновациялық жобалар бойынша жеңімпаздар да анықталды. Сала жұмысын жетілдіруде цифрлық технологиялардың да маңызы артып отыр. Соның бірі – «Отбасының цифрлық картасы». Бұл жүйе әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарды алдын ала анықтап, қажетті көмекті уақтылы көрсетуге мүмкіндік береді.

Асия Шакирова, Әлеуметтік қолдау саласының үздігі:

Бөлім мамандарымен екі жыл ішінде әлеуметтік салада ауқымды жұмыс атқардық. Көптеген іс-шара ұйымдастырылып, бірқатар маңызды бастама жүзеге асырылды. Еңбегімді және ұжымының жұмысын бағалап, осындай марапат ұсынғаны үшін Әлеуметтік үйлестіру басқармасына алғысымды білдіремін. Бұл құрмет біз үшін үлкен қолдау әрі алдағы бастамаларымызға шабыт береді. 

Марапаттау рәсімі – әлеуметтік сала мамандарының еңбегіне берілген лайықты баға. Салтанатты жиын соңы мерекелік концертке ұласты.

Фатима Тілейханқызы


Бөлісу