Қыстау-Күршімде жаңа мектеп ашылды
Республика күні қарсаңында Күршім ауданының Қыстау-Күршім ауылында жаңа мектеп ашылды. Заманауи талаптарға сай салынған білім ордасы 50 оқушыға арналған. Жаңа ғимаратта пән кабинеттері мен зертханалар жабдықталып, интернет тартылған.
Бұған дейін ауыл оқушылары 1975 жылы пайдалануға берілген ескі ғимаратта білім алды. Нысан әбден тозған, жеке спорт залы да болмаған. Соңғы жылдары бастауыш сыныптардағы балалар санының артуы білім ордасының инфрақұрылымын жаңарту қажеттігін көрсетті. Енді оқушылар заманауи талаптарға сай жабдықталған жаңа мектепте оқиды.
Зайгүл Ахадиянова, Қыстау-Күршім ауылының тұрғыны:
Біздің ауылдың тарихындағы үлкен қуанышты жағдай. Осы мектеп үшін Нұрымбет Аманұлына өте үлкен рақмет айтамын.
Жаңа ғимаратта оқу кабинеттері мен зертханалар, спорт және мәжіліс залдары, асхана мен кітапхана бар. Балалар бір ауысымда білім алады. Мектепте барлығы 26 қызметкер еңбек етеді. Оның 13-і педагог, қалған 13-і техникалық қызметкер.
Назым Рыспаева, Қыстау-Күршім негізгі орта мектебінің директоры:
Жаңа ғимараттың ашылуы тарихи күн. Бұл мектепті көруді талай әпкелереміз, ағаларымыз аңсап келген. Бұл ауыл үшін үлкен қуаныш.
Мектептің ашылу салтанатына арнайы келген облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, робототехника кабинетін жабдықтауға сертификат табыстады.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Ұстаздар қауымы, ата-аналар, жергілікті атқарушы органдар болып, барлығымыз балаларға жан-жақтан жағдай жасауымыз керек. Болашағыңды ойласаң бесігіңді түзе дейді. Сондықтан балаларымыз жақсы мектепте, жақсы оқу кабинеттерінде біліп алып, жетілуі тиіс.
Айта кетейік, бұл облыста биыл пайдалануға берілген төртінші мектеп.
Нұрдәулет Қалибеков.