Өскемендік дәрігерлер қауіпсіз ота құпиясын меңгеруде
Өңірлік нейрохирургия қызметінің мерейтойы қарсаңында облыс орталығында Астана қаласынан келген мамандардың қатысуымен нейрорадиология бойынша шеберлік сабағы өтті. Оған сәулелік диагностика және нейрохирургия саласында еңбек ететін жергілікті дәрігерлер қатысты. Практикалық курс мамандардың тәжірибе алмасуына және кәсіби біліктілігін арттыруына мүмкіндік берді.
Практикалық сабақ аймақтағы көпсалалы онкология және хирургия орталығында өтті. Түрлі медициналық ұйымдардың мамандары бас қосып, заманауи нейрорадиологияның мүмкіндіктері мен оның нейрохирургиядағы маңызын талқылады.
Ғұмар Кәденов, «ШҚО СМЦ» инновациялық медицина бөлімшесінің нейрохирург дәрігері:
Біз Шығыс Қазақстан облыстық онкологиялық ауруханасының МРТ орталығында қаланың радиологтарымен, нейрохирургтерімен және невропатологтарымен бірлесіп, нейрорадиология бойынша практикалық курс өткізіп жатырмыз. Біздің мақсатымыз – нейрорадиологиялық көмектің сапасын жақсарту, қауіпсіз нейрохирургиялық оталарға қажетті МРТ хаттамаларын жетілдіру, операция алдындағы жоспарлауды және хирургиялық араласудың өзін қауіпсіз жүргізуді қамтамасыз ету.
Шеберлік сабағына «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ радиология және радиохирургия бөлімінің меңгерушісі Жәнібек Байтурлин мен Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының дәрігер-радиологы Дамиля Мәрденқызы шақырылды. Сарапшылар мамандандырылған бағдарламалардың мүмкіндіктерін көрсетіп, МРТ зерттеуінің заманауи әдістерімен таныстырды.
Дамиля Мәрденқызы, ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының дәрігер- радиологы:
Мен бұл қалаға алғаш рет келіп отырмын. Нейрохирургия қызметінің мерейтойына орай осында шеберлік сабағын өткізіп жатырмыз. Мәскеуден келген GE компаниясының маманымен бірлесіп, нейрохирургиялық хаттамаға арналған бағдарламаларды баптадық. Науқастарды операцияға дейінгі кезеңде дайындауға қажетті зерттеулер жүргіздік. Атап айтқанда, трактография, мультивоксельді спектроскопия, контрастсыз ASL-перфузия және контрастты перфузия әдістерін қолдандық. Мұның бәрі нейрохирургтердің жұмысын жеңілдетіп, операция кезінде мидың жүйке талшықтарының өткізгіш жолдарын анық көруге мүмкіндік береді.
Онкологиялық қызмет мамандарының айтуынша, диагностиканың дәлдігі медициналық жабдықтардың мүмкіндігіне байланысты. Облыстық онкология және хирургия орталығында өңірдегі жалғыз 3 Тесла қуатты жоғары өрісті магниттік-резонанстық томограф орнатылған. Бұл аппарат ағзалар мен тіндердің жоғары дәлдіктегі кескіндерін алуға, патологиялық өзгерістерді анықтауға және әрі қарайғы емдеу тактикасын таңдауға мүмкіндік береді.
Карина Гончарова, ШҚО көпбейінді онкология және хирургия орталығының сәулелік диагностика бөлімінің меңгерушісі:
Біз үшін– тәжірибе алмасуға, күрделі клиникалық жағдайларды талдауға және МРТ-диагностиканың заманауи тәсілдерін талқылауға тамаша мүмкіндік. Әсіресе, онкологиялық орталығымыз үшін маңызды. Өйткені диагноздың дәл әрі уақытылы қойылуы емдеу тактикасын анықтауда шешуші рөл атқарады. Біздің басты мақсатымыз – мамандардың кәсіби дағдыларын жетілдіру және Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарына көрсетілетін диагностикалық көмектің сапасын арттыру.
Практикалық сабақтан кейін шеберлік сабағы дәрістермен жалғасты. Дәрігерлер мидың ауруларын диагностикалауда заманауи визуализация әдістерінің мүмкіндіктері мен оларды қолдану ерекшеліктерін талқылады. Сонымен қатар жергілікті мамандар шақырылған сарапшыларға сұрақтарын қойып, өзекті кәсіби мәселелер бойынша пікір алмасты.
Кәусар Идаятқызы