Негізгі Жаңалықтар Риддерде 60 отбасыға пәтер кілті табысталды

Риддерде 60 отбасыға пәтер кілті табысталды

Республика күні қарсаңында Риддер қаласында «Қазцинк» компаниясының қызметкерлеріне арналған 60 пәтерлі тұрғын үйдің кілттері табысталды. Жаңа баспана компания мен кәсіподақ ұйымының бірлескен әлеуметтік жобасы аясында салынған. 

Жаңа пәтерлердің 55-і «Қазцинк» компаниясының тау-кен байыту кешені, «Қазцинкмаш» өндірістік алаңы мен металлургия өндірісінде еңбек ететін қызметкерлерге берілді. Олар баспананы кәсіпорын ұсынған пайызсыз қарыз арқылы сатып алды. Ал қалған бес пәтерді «Қазцинк» компаниясы қала дәрігерлерін баспанамен қамтамасыз ету үшін кеншілер қаласының әкімдігіне тегін табыстады.

Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:

Риддер қаласын дамытуға қатысты жоспарымыз ауқымды. Мұнда өндіріс пен кен өндіру көлемін арттыруды көздеп отырмыз. Пайдалануға берілген тұрғын үй – компанияның кәсіподақ ұйымымен бірлесіп жүзеге асырған жобасы. Қызметкерлеріміздің тұрмыс жағдайын жақсартуға қосқан үлесіміз. Бүгін „Қазцинк“ компаниясының 55 қызметкері жаңа пәтерлердің кілтін алады. Пәтерлер толық әрленіп, тұруға дайын күйде тапсырылып отыр. Әрине, тұрғындар кейін өз қалауларына қарай жөндеу жұмыстарын жүргізе алады. Біз жүзеге асырып жатқан бұл бағдарлама компаниямыз үшін де, өңіріміз үшін де бірегей. Пәтерлер пайызсыз, бөліп төлеу шартымен берілді.

Жаңа пәтер иелерінің қатарында Риддер-Сокольный кенішінің қызметкерлері де бар. Кәсіпорын ұсынған пайызсыз несие бағдарламасының арқасында олар баспаналы болып, алдағы мереке қарсаңында қуаныштары еселене түсті. 

Оңғарсын Ардақ, Риддер-Сокольный кенішінің учаске бастығы:

Баспана кілтін алған барша әріптесімді құттықтаймын! Қызметкерлеріне қамқорлық танытып, жалдамалы пәтерде емес, өз үйлерінде тұруына жағдай жасап отырған жоғары басшылыққа алғысымды білдіремін. Көп рақмет!

Жаңа тұрғын үй кәсіпорын қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз етіп қана қоймай, қаланың әлеуметтік саласын қолдауға да үлес қосты. «Қазцинк» компаниясы Риддер қаласының әкімдігіне медицина қызметкерлеріне арналған бес пәтерді тегін табыстады.

Қанат Оралбек, Риддер қаласы әкімінің орынбасары:

Біздің қаламыз үшін жалпы баспана мәселесі өте өзекті. Қазіргі уақытта Риддер қалалалық әкімдігі мен Казцинк компаниясымен меморандум аясында 60 пәтерлі көпқабатты үй салынды. Отбасылар баспаналы болып қуанып жатыр. Оның ішінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Казцинк компаниясы 5 пәтерді біздің дәрігерлерге бөліп отыр. 

«Қазцинк» компаниясы мен кәсіподақ ұйымының бірлесіп салған жаңа тұрғын үйі кеншілер қаласындағы баспана мәселесін шешуге өз үлесін қосты. Пәтер кілтін алған 60 отбасы үшін бұл күн көптен күткен қуанышты сәт болды. Табысталған тұрғын үйлер әр шаңыраққа жаңа үміт пен шаттық сыйлады.

Кәусар Идаятқызы


Бөлісу