Негізгі Жаңалықтар Республика күні аталып өтті

Республика күні аталып өтті

Елдіктің еңсесін тіктеп, тәуелсіздіктің туын биіктеткен Республика күні Глубокое ауданында да аталып өтті. Мерекелік шарада өңірдің дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталып, «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары мен адал еңбегімен танылған кәсіпкерлерге құрмет көрсетілді. 

Мерекелік шарада өңірдің өркендеуіне үлес қосып жүрген бірқатар азамат марапатталды. Олардың арасында білім мен мәдениет, мемлекеттік қызмет, кәсіпкерлік және құқық қорғау саласының өкілдері бар. 

Эльдар Тұмашинов, Глубокое ауданының әкімі:

Біз өз отанымызбен мақтанамыз, еңбекқор халқымызбен мақтанамыз. Ең бастысы еркін, бейбіт өмірімізбен мақтанамыз. Біздің отанымыз өркендеп жатыр, ауданымыз өркендеп жатыр. Осының барлығына бірлесе жетейік. 

Салтанатты кеште аудандық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Отбасылық құндылықтарды дәріптеп, ұрпақ тәрбиесіне үлгі болған шаңырақтар арасынан бас жүлде Құрмашевтар отбасына табысталды.

Зульфия Кұрмашева, аудандық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы:

Мен үшін бұл марапат өте маңызды. Менің отбасым үшін де. Біз отбасын құрғанымызға 33 жыл болды. Біз де республикамызбен бірге дамып келеміз. Отбасымызда бес бала тәрбиелеп отырмыз. Сондықтан барша қазақстандықтарға айтарым: осындай конкурстарға қатысыңыздар, елімізді нығайтыңыздар. Болашағымыз үшін үлкен жетістіктерге бірге жете берейік. 

Туған жердің тіршілігін түлетіп, ел экономикасының дамуына серпін беретін саланың бірі — кәсіпкерлік. Республика күніне орай «Адал кәсіпкер» акциясы аясында ауданның бірқатар кәсіпкері марапатталды. Солардың бірі – Нина Вертеева әлеуметтік жауапкершілік номинациясына ие болды.

Нина Вертеева, кәсіпкер: 

Республика күні қарсаңында аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталдым. Еңбегімді ескеріп, құрмет көрсеткен басшылыққа алғысымды білдіремін. Ауданымыз гүлденіп, халқымыз аман, еліміз тыныш болсын! Баршаңызға бірлік, татулық пен жақсылық тілеймін. Алдағы уақытта да туған ауданымның дамуына өз үлесімді қоса беремін.

Мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласты. Аудан өнерпаздары сахнада өнер көрсетіп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Меделхан Абдулғазиев, Глубокое аудандық ақсақалдар алқасының мүшесі:

Республиканың 35 жылдығы құтты болсын. Барлықтарыңызға бірінші денсаулық, ұзақ өмір, мол бақыт тілеймін. Қазақстанымыздың көк туы желбірей бірсін. 

Республика күні – ел бірлігі мен тәуелсіздіктің қадірін ұғындыратын мереке. Глубокое ауданындағы салтанатты кеште ел дамуына үлес қосқан азаматтардың еңбегі еленіп, отбасылық құндылықтар дәріптелді. 

Нұртас Қайролдаев

Бөлісу