Негізгі Жаңалықтар Республика күніне арналған салтанатты шара өтті

Республика күніне арналған салтанатты шара өтті

Республика күніне орай бірқатар өңір тұрғыны мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында табиғат қорғау саласының қызметкерлері мен мәдениет қайраткерлері бар. Еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың жетістігі мереке қарсаңында лайықты бағасын алды.

Республика күні – ел тарихындағы маңызды белес қана емес, қоғам игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегін бағалайтын мереке. Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, кәсібіне адалдық танытқан жандар өңірдің өркендеуіне үлес қосып келеді.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен ауқымды әлеуметтік, саяси, экономикалық реформалар жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі мерейлі мереке қарсаңында еліміздің дамуы мен өңіріміздің өркендеуіне елеулі үлес қосқан жерлестерімізге ерекше құрмет көрсетілетін болады. Оларға мемлекет жарлығына сәйкес мемлекеттік наградалар табысталады. 

Мемлекеттік наградаға ие болғандардың қатарында Ұлан ауданының тұрғыны, ҚР мәдениет қайраткері Гуля Қасенова да бар. Ол «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды. Өнерімен елге танылған әнші үшін бұл марапат – көп жылғы еңбегіне көрсетілген құрмет. 

Гуля Қасенова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Бүгінгі осындай марапат мен үшін үлкен мәртебе. Ең бірінші ата-анама рахмет. Екінші президентімізге рахмет. Осы Шығыс Қазақстанның әкімшілігіне және Ұлан ауданының әкімшілігіне рахмет. Мені қолдаған сүйікті халқыма рахмет айтамын. Өте қуаныштымын. Қазақ елінің әні бітпесін. Әнімді шырқап жүре беремін. 

Сонымен қатар, «Марқакөл» мемлекеттік табиғи қорығының инспекторы Николай Краснопеев «Құрмет» орденімен марапатталды. Табиғатты қорғау саласында еңбек етіп жүрген маман үшін бұл – кәсіби қызметіне берілген жоғары баға.

Николай Краснопеев, «Құрмет» орденінің иегері:

Көрсетілген құрмет пен алған орденім үшін алғысымды білдіремін. Бұл марапат мен үшін үлкен мәртебе. Көңілімде қуаныш пен мақтаныш сезімі бар. Әріптестеріме де осылай биіктен көрініп, жақсы нәтижелерге жете беріңіздер дегім келеді.

Республика күні – елдік мұратты ұлықтап, тәуелсіздіктің қадірін терең сезінетін айтулы мереке. Осы мереке қарсаңында табысталған мемлекеттік наградалар – туған жердің өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтарға көрсетілген құрмет. 

Нұртас Қайролдаев

Бөлісу